Еуропаның бірнеше қаласында Израильдің Газаға бағытталған 40-тан астам гуманитарлық кемеден тұратын флотилияны тоқтатуына қарсы Палестинаны қолдау акциялары өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ВВС таратқан мәліметке сәйкес, Рим, Мадрид, Барселона, Лондон және Лиссабон қалаларында жүздеген мың адам шеруге шықты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Римдегі акцияға бір миллионнан астам адам қатысқан, ал полиция олардың нақты санын шамамен 250 мың деп бағалаған.
Италия астанасындағы шеру бейбіт жағдайда өтті. Қатысушылардың арасында студенттер, балалар және қарт адамдар болды. Олар «Палестинаға бостандық!» деп ұрандатқан плакаттар мен тулар көтеріп жүрді.
Алайда шеру соңына қарай жағдай шиеленісе түсті. 200-дей адам топтан бөлініп, Санта-Мария-Маджоре базиликасы маңында полициямен қақтығысқан. Тәртіп сақшылары бұзақыларды тарату үшін көзден жас ағызатын газ бен су атқыштарды қолданған.
Ұқсас акциялар Мадрид, Барселона, Лондон және Лиссабон қалаларында да өтті. Көп жағдайда наразылық бейбіт сипатта болғанымен, кейбір елдерде полициямен қақтығыстар орын алды.
Мәселен, Лондонда "Palestine Action" деп аталатын тыйым салынған ұйымды қолдау мақсатында өткен шеруде 492 адам ұсталды, олардың ішінде ең жасы үлкені — 89 жаста болған.
Акциялардың басты ұраны — Газаға гуманитарлық көмекті жеткізуге мүмкіндік беру және Палестина халқын қолдау болды.