Рейстерді кешіктіргені үшін «Эйр Астана» әуекомпаниясына айыппұл салынды

23 Шілде 2022, 15:46
1366
Бөлісу:
Рейстерді кешіктіргені үшін «Эйр Астана» әуекомпаниясына айыппұл салынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті рейстердің кешігуі, жолаушы құқығының бұзылуы және азаматтардан көптеген өтініш түсуіне байланысты жарияланған тергеудің нәтижесін мәлім етті.

Жолаушылар арасында резонанс тудырған рейстің кешігу деректеріне байланысты 18 шілдеде Комитет төрағасы Талғат Ластаев «Эйр Астана» әуе компаниясымен шұғыл жиналыс өткізді. Жиын барысында авиакомпанияға әуе кемелерін коммерциялық жоспарлаудағы кемшіліктері көрсетіліп, тұрақты рейстердің орындалмауына жол бермеу туралы айтылды. 

Сонымен қатар әуе кемелерінің жедел ауыстырылмауы, рейстердің кешігуі кезінде авиакомпания қызметкерлері тарапынан жылдам түсіндірмелік жұмыстардың жүргізілмеуі сынды кемшіліктері көрсетілді. Жиналыс қорытындысы бойынша «Эйр Астана» әуекомпаниясы резервті қамтамасыз ету үшін тұрақты рейстер кешіктірілген кезде ғана пайдаланылатын арнайы жеке әуе кемесін бөлді. Қазақстандық ірі авиакомпаниялардың акционері ретінде «Самұрық-Қазына« ҰӘҚ» АҚ әуе кемелерін алуды жоспарлау жөніндегі жұмысты күшейтуі қажеттілігі айтылды, - делінген ақпаратта.

Сонымен қатар 21 шілдеде өзара іс-қимылды нығайту мақсатында «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ, «Эйр Астана» авиакомпаниясы, Алматы және Орал қалалары әуежайларының қатысуымен кеңестер өткізілді. 16 шілдеге жоспарланған Алматы - Мале рейсінің ұзақ кешігуіне байланысты жедел түрде екі күн ішінде тергеу жүргізілді. 

Оның қорытындысы бойынша осы рейстің жолаушылары 15 сағаттан артық ұшуды күткендігі анықталды. Рейсті күту кезінде жолаушыларға «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» ҚР Заңының 86-бабының 1-бөлігінде көзделген қызметтер, атап айтқанда қонақ үйде тұру бойынша қызметтер тиісті түрде ұсынылмаған. Осыған орай 2022 жылғы 21 шілдеде авиакомпанияға қатысты әкімшілік іс қозғалып, авиакомпанияға 1 000 АЕК (1 АЕК = 3 063 тг) мөлшерінде айыппұл салынды. Осы уақытқа дейін Комитетке барлығы 150-ге жуық өтініш келіп түсті, олардың әрқайсысы бойынша анықтау жұмыстары жүргізілуде, - делінген жазбада.

Оның нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамада көзделген тиісті іс шаралар қабылданатын болады. Кодекстің 567-бабының 1-бөлігіне сәйкес, тасымалдаушының Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңнамада көзделген тасымалдаушының кінәсінен немесе әуе кемесінің кеш келуінен, тасымалдау маршрутының өзгеруі салдарынан рейс орындалмаған немесе кешіккен жағдайда жолаушыға қызметтер көрсету жөніндегі міндеттерді орындамауы немесе тиісті деңгейде орындамауы кезінде 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Сондай-ақ, осы баптың бірінші тармағында көрсетілгендей, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекетке (әрекетсіздікке) 1 000 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Өзгелердің жаңалығы