Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында коронавирус инфекциясының таралуы әлемде және елімізде қайта өрши бастағанын мәлімдеп, сақтық шараларын күшейтуді тапсырды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша коронавирус жұқтырғандар көбейіп келеді. Соңғы екі аптада науқастардың саны 30 пайызға артқан.
Біздің елде де ахуал күрделене түсті. Алматы «қызыл» аймаққа қайта кіруі мүмкін. Негізгі себеп – тұрғындар мен дәрігерлердің қауіпсіздік шараларын сақтамауы, - деді ол.
Президент сондай-ақ мекемеаралық комиссияның жұмысын күшейтуді тапсырды.
Одан бөлек ревакцинация науқанын жандандырған жөн. Бұл жұмыста ешқандай асыра сілтеу болмауы керек. Шағын және орта бизнестің мүддесін ескерген абзал, - деді Тоқаев.
14 шілдедегі мәлімет бойынша, елімізде 4 477 адам коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр, олардың ішінде 503 пациент стационарда, 3 974 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.
КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында: 14 адамның жағдайы ауыр, 1 пациенттің жағдайы өте ауыр, 1 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.
Әлем бойынша коронавирустың таралуы қайта белең алуына байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы елдерді бетперде режимін қайтаруға шақырды.