Республикалық референдумда білім саласының мамандары да дауыс берді

Конституция – мемлекеттіліктің берік негізі әрі ел дамуының басты қағидаттарын айқындайды.

 ©BAQ.KZ/Арман Мухатов Кеше 2026, 14:08
Кеше 2026, 14:08
184
Фото: ©BAQ.KZ/Арман Мухатов

Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы халық екенін ескерсек, бүгін әр таңдау мен әр дауыстың салмағы зор. Республикалық референдумға қатысып жатқан білім саласының мамандары осылай дейді. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы-ректоры Саламат Ыдырысов бұл күн ел тарихында айрықша маңызды күн болып қалатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жаңа Конституция жобасы ұсынылған сәттен бастап оны талқылау мен түсіндіру жұмыстары кең көлемде жүргізіліп, қоғамда жан-жақты пікір алмасу болды. Мұның барлығы ел болашағы үшін жасалған нақты әрі жауапты қадамның бірі. Референдумға келген әрбір қазақстандық осы тарихи сәттің маңызын терең түсініп, жүрек қалауымен, азаматтық жауапкершілігін сезіне отырып өз таңдауын жасауда. Сырт көзге байқала бермегенімен, еліміздің әр өңіріндегі сайлау учаскелерінде мемлекет тағдырына қатысты маңызды саяси шешім қабылдануда, - деп жазды ол.

Ал «Азаматтық авиация академиясы» АҚ басқарма төрағасы-ректоры Қайрат Жақыпов өз сөзінде Конституция – мемлекеттіліктің берік негізі әрі ел дамуының басты қағидаттарын айқындап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ететінін айтты.

Референдум – әр азаматқа өз ұстанымын білдіруге және елдің одан әрі даму бағытын айқындауға қатысуға мүмкіндік беретін маңызды демократиялық құрал. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде осындай ел тағдыры үшін жауапты шараларға бейжай қарамай, белсенді қатысуды маңызды деп санаймын. Бүгін мен де өз азаматтық міндетімді орындадым. Әрқайсымыздың белсенді азаматтық ұстанымымыз қоғамның нығаюына және еліміздің болашағының берік болуына ықпал етеді, - деді ол.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті басқарма төрағасы-ректоры Марат Сырлыбаев та осы университет қабырғасында орналасқан №9 сайлау учаскесінде жеті мыңға жуық студент маңызды саяси науқанға қатысып жатқанын жазды.

Бүгін алғашқылардың бірі болып дауыс бердім. Білім саласының маманы ретінде менің дауысым – Ата заңда басымдық алған стратегиялық бағытқа, яғни білім, ғылым, инновация саласына, жас ұрпақтың сапалы білім алуына, еліміздің өркендеуіне және болашағына үлес қосуына берілді. Менің дауысым – ол халықтың үні, болашаққа деген сенім мен үміт, заман ағымына өзім және отбасыммен қосқан үлесім. Менің осы ой-пікірімді жақындарым, бауырларым, әріптестерім және шәкірттерім қолдайды деген ойдамын. Шын мәнінде, Ата заңдағы өзгерістерге ат салысуымыз – мемлекет дамуындағы оңтайлы бетбұрыстардың тарихи әрі тың парағы, - деді ол.

Қарағанды индустриалды университетінің басқарма төрағасы-ректоры Бақыт Жәутіков те Теміртау қаласындағы сайлау учаскелерінің бірінде дауыс беріп, азаматтардың мемлекеттік маңызы бар шешімдерді қабылдауға қатысуының маңыздылығын атап өтті.

Дауыс беруге қатысу – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі және әрбір адамның мемлекеттің болашағына қосқан үлесі, - деп атап өтті ол.

 

Наверх