Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.
Республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуге және күтіп ұстауға биыл 85 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде, күрделі жөндеу – 32 млрд тг, орташа жөндеу – 53 млрд тг бағытталады. Жалпы 3 мың шақырым жолды жөндеумен қамту жоспарланған. Күрделі жөндеумен 650 шақырым жол қамтылды, соның ішіндегі 47 шақырымы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі, - деп атап өтті министр.
Сонымен қатар ведомство басшысы биыл қанша шақырым жол пайдалануға берілетініне тоқталды.
Орташа жөндеумен 2 мың 323 шақырым жол қамтылды. Оның 632 шақырымы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. 3 мың шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жасалып, соның ішінде 800 шақырымнан астамы пайдалануға берілді. Жергілікті желідегі 4,2 мың шақырым жолға жөндеудің барлық түрі жүргізілді, - деді Қайырбек Өскенбаев.
Еске сала кетейік, бұған дейін биыл автожол салуға қазынадан 601 млрд теңге бөлінгені туралы жазған болатынбыз. Жалпы пайдаланымдағы автожолдардың 11 мың 500 шақырымында құрылыс, реконструкция және жөндеу жүргізіліп жатыр. Оның ішінде, республикалық желінің 7,3 мың шақырымында жұмыстар жасалынып, 4,3 мың шақырымда құрылыс пен реконструкциялау жұмыстары қолға алынады. Ал 1,4 мың шақырымында қозғалыс ашу көзделген.