Республикалық бюджетке берілетін мұнай түсімдері азаяды

20 Қазан 2021, 11:25
4659
Бөлісу:
Республикалық бюджетке берілетін мұнай түсімдері азаяды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты. Сондай-ақ ол республикалық бюджетке түсетін мұнай түсімдерінің үлесі біртіндеп азаюы алдағы жылдары байқалатындығын алға тартты.

Мәселен, биылғы 43,6%-дан 2024 жылға қарай 28,6%-ке дейін төмендейді.

Республикалық бюджет түсімдері ағымдағы жылдың жоспарына қарағанда 432 млрд теңгеге ұлғайып, 2022 жылы 13 трлн теңгені құрайды деп болжанып отыр, - деп атап өтті Ерұлан Жамаубаев.

Оның айтуынша, Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферт келесі жылы биылғымен салыстырғанда 300 млрд теңгеге, ал 2023 және 2024 жылдары тағы 200 млрд теңгеге азаяды.

Келесі жылға Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферт 550 млрд теңге және 2023-2024 жылдарға 400 млрд теңге мөлшеріне тең болатындығы айқындалды. Мұнайға қатысты емес түсімдердің үлесі биылғы 56,4%-тен 2024 жылға қарай 71,4%-ке дейін өседі деп болжанған. Бюджет тапшылығы 2022 жылы жалпы ішкі өнімге 3,3%-дан 2024 жылы 2,5%-ға дейін кезең-кезеңмен төмендейді деп жоспарланып отыр. Ал шығыстар келесі жылы 15,9 трлн теңгені құрайды, - деді ведомство басшысы.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық экономика министрі алдағы жылдары республикалық бюджеттің шығыстары қандай болатындығы туралы айтқан еді.

Өзгелердің жаңалығы