Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің Амбулаториялық-емханалық және жедел медициналық көмек басқармасының басшысы Батырхан Сарымсақов мәлімдеді.
Оның айтуынша, техникалық деңгей бойынша қазақстандық қан орталықтары үздік шетелдік ұқсас орталықтардан кем түспейді.
Елімізде 470-тен астам медициналық ұйым трансфузиялық көмек көрсетеді. Жыл сайын республикада 80 мыңнан астам науқас қан компоненттерін алады. Оларға 400 мыңға жуық құю жүргізіледі. Елімізде дайындалатын донорлық қан көлемі медициналық ұйымдардың қажеттілігін 100%-ға қамтамасыз етеді, - деді Батырхан Сарымсақов.
Оның айтуынша, Қазақстанда дайындалатын донорлық қан көлемі медициналық ұйымдардың қажеттілігін 100%-ға қамтамасыз етеді. Медициналық ұйымдардың жоспарлы және шұғыл өтінімдері де толық көлемде қамтамасыз етіледі.
Қан алу және құю процесі – өте ауыр жұмыс. Оған қан орталықтарында 300-ден астам дәрігер мен 700 медбике, еліміздің стационарларында 500-ден астам дәрігер тартылған. Техникалық деңгей бойынша қазақстандық қан орталықтары үздік шетелдік ұқсас орталықтардан кем түспейді, - деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ орталықтарда қан компоненттерін вирустық инактивациялау және карантиндеу технологиялары енгізілгенін алға тартты.
ТМД елдері арасында бірінші болып республикамызда бүкіл аумақта донорлық қанның қан арқылы берілуі мүмкін инфекцияларға сапалы екі кезеңдік скринингін енгізді. Осы мақсатта адами фактордың әсерінсіз жұмыс істейтін жоғары технологиялық автоматтандырылған жабдық қолданылады, -дейді ведомство өкілі.