Республика күніне орай Оралда жаңа автобустар пайдалануға берілді

25 Қазан 2023, 07:35
742
Бөлісу:
Республика күніне орай Оралда жаңа автобустар пайдалануға берілді
Фото: informburo.kz

Қала ішінде қатынайтын қоғамдық көлік қатары «Yutong» маркалы үлкен класты 10 жаңа автобуспен толықты деп хабарлайды BAQ.KZ.

Автобус парктері жыл сайын жаңаруда. Бұл жұмыстар жол ақысын төлеудің электрондық жүйесін енгізудің және әлеуметтік маңызы бар маршруттарда тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялаудың арқасында мүмкін болып отыр.

Батыс Қазақстан автобус паркі сатып алған жаңа қоғамдық көліктерді табыстау рәсіміне Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов қатысты. Шаһар басшысы оралдықтарды Республика күні мерекесімен құттықтап, жаңа автобус кілттерін жүргізушілерге табыс етті. Бұл автобустарда жүргізуші үшін де, жолаушы үшін де қолайлы жағдай қарастырылған.

Бүгін мерекеге орай берілген автобустардың дені жолаушы тасымалдайтын 2-ші нөмірлі маршрут бойынша қызмет көрсететін болады. Жолаушыларға жайлы жағдай жасау үшін жыл сайын қоғамдық көлік сапын жаңғыртып келеміз. Бұл автобустарда желдеткіш орнатылған, – дейді «Батыс Қазақстан автобус паркі» ЖШС директорының орынбасары Данияр Мұхтаров.

Желіге қосылған жаңа автобустар мүгедектігі бар жандарға қызмет көрсетуге бейімделген, кондиционермен, күшейтілген жылыту жүйесімен және бейнекамерамен жабдықталған. Жаңа автобустардың үшеуі – метан газымен жүреді. Бұл – үнемді және экологиялық таза отын түрі болғандықтан қоршаған ортаны ластау деңгейі де төмен.

«Батыс Қазақстан автобус паркі» ЖШС қалалық №2, 4, 19, 22, 30д, 52 және алты саяжай маршруттары бойынша қызмет көрсетеді. Қалалық қоғамдық көліктің жылжымалы құрамын жаңарту және кеңейту шеңберінде автопарк 2021-2023 жылдар аралығында 109 автобус, оның ішінде 43 жаңа автобус сатып алған. Ал соңғы айларда облыста 23 қоғамдық көлік сатып алынған.

Өзгелердің жаңалығы