Баянауылда таудан құлаған ресейлік турист құтқарылды

11 Шілде 2019, 11:18
2810
Бөлісу:
Баянауылда таудан құлаған ресейлік турист құтқарылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Баянауыл ауданының Жасыбай демалыс аймағында Ресей Федерациясының азаматы абайсыздан биіктіктен құлаған. Бұл туралы pavlodarnews.kz хабарлады. 

«Сағат 18.00-де «112» нөміріне хабарлама келіп түсті. Жедел құтқару жасағынан 1966 жылғы ер адамды құтқаруға бір адам мен бір техника, аудандық ТЖ бөлімінен бір адам жұмылдырылды. Оң жақ аяғы сынған азамат Баянауыл ауылының аудандық ауруханасына жеткізілді», - деп хабарлады облыстық ТЖД-ның баспасөз қызметі. 

Баянауыл аудандық ТЖ бөлімі, азаматтық қорғаныс полковнигі Данияр Тоқатовтың айтуынша, Новосібірден келген турист тауда әйелімен серуендеп жүрген. 

«Таудың биіктігі 130 метр. Суретке түсіріп жүрген кезде екі метрден құлап, аяғын сындырып алған. Әйелі туристік базаға жүгіріп, нұсқаушыға хабарлаған. Оқиға орнына дереу жеткен жедел жәрдем мен құтқарушылар көмек көрсетті», - дейді Данияр Тоқатов. 

Сондай-ақ, кеше, 10 шілде күні Тереңкөл ауданының Тереңкөл ауылында Ертіс өзенінде шамамен сағат 18.30-да 1948 жылғы ер адам суға батып кеткен. Ол шомылуға арналмаған орында суға түскен. Департаменттің жедел құтқару жасағы сағат кешкі 7-ге қарай денесін жағаға алып шықты.

Өзгелердің жаңалығы