Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Минералдық тыңайтқыштар шығару зауытын салу және пайдалану» жобасын іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын таныстырды.
Бұл келісім 2019 жылғы 3 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Ресей Федерациясының Өнеркәсіп және сауда министрлігі арасындағы өндірістік кооперация саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасын іске асыру шеңберінде әзірленді және қол қойылды.
Келісім Жамбыл облысында фосфат шикізатты өндіруден бастап экспортқа бағдарланған өнім-минералдық тыңайтқыштар мен ілеспе индустриялық өнімдер шығаруға дейінгі толық өндірістік циклі бар инновациялық химиялық кешеннің құрылысы мен пайдаланылуын қамтамасыз ететін қажетті инвестициялық және нормативтік-құқықтық жағдайлар жасауды көздейді, - деді министр.
Айтуынша, жобаны ЕuroСhem Group трансұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны - Ресейдің «ЕвроХим» компаниясы іске асырады.
Жобаны іске асыру екі кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезең аяқталды. Тау-кен кешені пайдалануға берілді. Оның базасында жылына 660 мың тоннаға дейін фосфорит өндіру жолға қойылды. Сонымен қатар қуаты жылына 640 мың тонна орташа ұсақтау және ұсақ ұнтақтау торабы салынды, инвестиция сомасы 126 млн АҚШ долларын құрады. Қазіргі таңда 550 жаңа жұмыс орны ашылды, - деп түсіндірді ИИДМ басшысы.
Екінші кезең - өндіріс қуаты жылына кемінде 1 млн тонна болатын минералды тыңайтқыштар мен индустриялық өнімдер өндіру жөніндегі инновациялық химиялық кешен салу.
Қазіргі уақытта Қазақстандағы Еурохим компаниялар тобы II кезеңді озық қаржыландыру шеңберінде 138,7 млн АҚШ долларын инвестициялады. 2008 жылдан бастап 16,7 млрд теңге салық төленді, 24 млн АҚШ доллар (5,2 млрд. теңге) өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына аударымдар түрінде төленді. Келісім корпоративтік табыс салығынан, қосылған құн салығынан, мүлік және жер салығынан босатуды қарастырады, - деп атап өтті Бейбіт Атамқұлов.
Сондай-ақ айналма автожол, темір жол инфрақұрылымын салу және қайта жаңарту шығындарын өтеу және компанияның магистральдық темір жол желісі, локомотивтік тартым, жүк және коммерциялық жұмыс қызметтерін төлеуге жұмсалған шығындарының 50% субсидиялау.
Жобаны іске асыру мынадай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді:
- 1 млрд АҚШ доллардан кем емес тікелей шетелдік инвестициялар тарту;
- жаңа жұмыс орындарын құру, оның ішінде құрылыс кезінде - 2 000-ға дейін жаңа жұмыс орындарын, пайдалану кезінде кемінде 1 200 жаңа жұмыс орнын құру;
- елдің жалпы ішкі өнімін бес жыл ішінде шамамен 2,2 млрд АҚШ долларына арттыру;
- экспорт және экспорттық түсім көлемін ұлғайту (ішкі нарықты 100% қамтамасыз еткеннен кейін ТМД, Еуропа, Орта Азия және ҚХР елдеріне экспорт);
- мемлекеттік бюджетке салық түсімдерін 200 млрд теңгеге ұлғайту;
- инновациялық қалдықсыз технология бойынша қуаты бар минералдық тыңайтқыштар мен индустриялық өнімдер өндіруді ұйымдастыру;
- Жаңатас және Қаратау моноқалаларының жедел дамуына ықпал ету;
- минералды тыңайтқыштардың импортын алмастыруды қамтамасыз ету.