Ресейдегі соғысқа қатысқан қазақстандық сотталды: Үкім қандай?

Солтүстікқазақстандық азамат шетелдегі соғысқа қатысқаны үшін жаза арқалады.

 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 14:17
Бүгiн 2026, 14:17
210
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Солтүстік Қазақстан облысының 25 жастағы тұрғыны Евгений Люфт шетел аумағындағы қарулы қақтығысқа қасақана қатысқаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сот оның әрекетін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 172-бабы – Қазақстан азаматының шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа заңсыз қатысуы бойынша саралады. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Ресейге «жұмыс іздеп» кеткен

Тергеу деректеріне сәйкес, 2025 жылдың ақпанында ол Петропавл қаласынан Ресейге ресми түрде жұмыс іздеуге кеткен. Қазақстанда оның ірі көлемдегі қарыздары болғаны анықталған.

Мәскеуде ол «СВО»-ға еріктілерді тартумен айналысқан адамдармен танысқан. Олар оған келісімшартқа отыруды ұсынып, Ресей азаматтығын және жер телімін беруге уәде еткен. Сондай-ақ қаза тапқан жағдайда туыстарына ақшалай өтемақы төленетіні айтылған.

Келісімшарт және майданға жіберілу

Евгений Люфт ұсынысқа келісіп, Нижний Новгород қаласына жіберілген. Онда оның құжаттары мен денсаулық жағдайы тексеріліп, бастапқы әскери дайындықтан өткен.

2025 жылғы 17 ақпанда ол Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігімен бір жыл мерзімге келісімшартқа қол қойған. Оған «Питер» деген ат беріліп, шабуылдаушы-сапер ретінде тағайындалған. Алдымен Луганскке, кейін Бахмут маңына жіберілген.

Сот анықтағандай, 2025 жылдың ақпан-сәуір айлары аралығында ол Украина Қарулы күштеріне қарсы соғыс қимылдарына қатысқан.

Жарақат алып, елге оралған

Евгений Люфт 30 сәуірде Клещеевка маңында миналы-жарылыс салдарынан жарақат алып, Луганскіде ем қабылдаған. Ол демалыстан кейін, шілде айында әскери бөлімді өз бетінше тастап, Қазақстанға қайтып келген.

Елге оралған соң оны шекарашылар ұстаған.

Соттағы уәж және дәлелдер

Сот барысында Люфт өз кінәсін мойындамаған. Ол өзін Ресей Федерациясының азаматымын деп санағанын және соғыс қимылдарына қатысуға құқылымын деп ойлағанын айтқан.

Алайда сот оның сол кезеңде Қазақстан азаматы болып қала бергенін анықтады. Іс материалдарында Шекара қызметінің шекарадан өту деректері, Ресей ІІМ-нің оған Ресей паспорты 2025 жылғы 27 маусымда берілгені туралы мәліметтері келтірілген.

Дәлел ретінде пойыз билеттері, әлеуметтік желідегі жазбалар мен фотосуреттер, куәгерлердің айғақтары және тергеу кезеңінде берген түсініктемелері ұсынылған.

Сот үкіміне сәйкес, Евгений Люфт 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Наверх