Ресейдегі Қырым көпірінде жанармай цистернасының жарылуына байланысты вагондар мен пойыздар қозғалысы тоқтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
8 қазан күні сағат 06:00 шамасында Таман-Керчь бағытында келе жатқан жүк пойызының вагондарының бірі өртенген. Кейін өрт басқа цистерналарға тараған.
Қырым басшысының кеңесшісі Олег Крючковтың айтуынша, Қырым көпірінің кеме жүретін аркалары бүлінбеген.
Бөліктердің бірінде жанармай цистернасы жанып жатқаны белгілі болды. Кеменің жүретін аркалары аман. Оқиғаның себептері мен салдары туралы айту әлі ерте. Өрт сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді Крючков.
Апат салдарынан көпірдің автокөлік бөлігінің аралығы опырылып түскен.
Көпірдегі цистернаның өртеніп кетуіне байланысты Керчь бұғазындағы кеме қатынасы тоқтаған жоқ, деп хабарлайды Росморречфлот.
Ресейлік БАҚ Керчь қаласында Қырым көпіріне жете алмайтын көліктердің жүргізушілері мен жолаушыларына суы мен дәретханасы бар автотұрақ ұйымдастырылғанын жазады,
Аймақ билігі жеңіл көліктер үшін паром өткелін ұйымдастырмақ.
Қырым көпірі Ресейдегі ең ұзын көпір, оның ұзындығы 19 шақырым. Автокөлік бөлігі 2018 жылдың мамыр айында пайдалануға берілді. Ал 2019 жылдың желтоқсан айында теміржол учаскесінің бойымен алғашқы пойыздар легі өткен.
Оқиға орнында жол қызметі мен Төтенше жағдайлар министрлігі жұмыс істеп жатыр. Әзірге зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.