Ресейде жол апатына ұшыраған қазақстандық тергеліп жатыр

18 Ақпан 2019, 16:40
1947
Бөлісу:
Ресейде жол апатына ұшыраған қазақстандық тергеліп жатыр

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Жол-көлік оқиғасы 2018 жылдың 29 қарашасында Ресей Федерациясының Челябі-Екатеринбург қаласында болған.

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров апта сайынғы брифинг барысында мәлімдеді.

Айтуынша, үлкен жүк көлігінің тізгінін басқара алмаған қазақстандық қазір Челябі қаласындағы тергеу изоляторында отыр.

«Біздің азаматымыз үлкен жүк көлігін басқарып келе жатқан. Сол кезде артындағы прицеп жолдың қарама-қарсы бетіне шығып кеткен. Салдарынан үш көлікпен соқтығысып, Ресей Федерациясының 5 азаматы қайтыс болды. Көлікті басқарған қазақстандық – Түркістан облысының тумасы. Қазіргі таңда тергеу жүріп жатыр. Консулдарымыз бәрінен хабардар. Мәселені бақылауда ұстап отыр. Қазақстан азаматы 2019 жылдың сәуір айына дейін тергеу изоляторында отырады», - деді СІМ өкілі Айбек Смадияров.

tyumentimes.ru хабарлауынша, аталған факті бойынша сол кезде РФ ІІМ Челябі облысы Каслинск ауданы бойынша тергеу бөлімі РФ Қылмыстық кодексінің 264-бабы 5-бөлімі (екі не одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалыс ережесін және көлік құралын пайдалану ережесін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. 

Рахиля БЕКНАЗАРҚЫЗЫ

Өзгелердің жаңалығы