Орск қаласында 17 жастағы жасөспірім полиция ғимаратының қарсысындағы жол жиегінен автолюлькадағы нәрестені тапқан, деп хабарлайды BAQ.KZ Gazeta.ru-ға сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, сәбидің анасы таксимен келе жатқан. Жолда жүргізуші оған бұрыш газын шашып, көліктен күштеп шығарып жіберген. Ал баланың люлькасын жол жиегіне тастап кеткен.
Жоғары сынып оқушысы Макар сәбиді құрбысын үйіне дейін шығарып салып бара жатқанда тапқан. Олар Нефтяников көшесімен бірге келе жатқан. Жасөспірімнің айтуынша, күн салқын болса да, сәбидің комбинезоны ағытулы болған, ал жанында жеке заттары шашылып жатқан.
Жасөспірімдер дереу полицияның кезекші қызметкеріне хабар беріп, оның көмегімен сәбиді бөлімше ғимаратына алып кірген.
Табылған нәресте бұған дейін таксист шабуыл жасаған әйелдің баласы екені анықталған. Басылым дереккөздерінің айтуынша, жүргізуші көлікте қалған сәбиді полиция бөліміне жеткізбек болған, бірақ ойынан айнып, жол жиегіне тастап кеткен.
Мәліметке сәйкес, жүргізуші ұсталып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалады.