Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ресейде мұнай өндіру көлемі екінші ай бойы төмендеп жатыр

Бүгiн, 15:47
123
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

АҚШ санкциялары мен Азиядағы сұраныстың азаюы аясында Ресей мұнай өндіруді қатарынан екінші ай қысқартып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Bloomberg-ке сілтеме жасап.

Үндістан импортты азайтқан, ал ондаған ресейлік танкер сатып алушы таппай, мұхитта тоқтап тұр.

Қаңтар айында Ресейде мұнай өндіру көлемі АҚШ санкцияларына байланысты халықаралық нарықтарда өткізуге қатысты қиындықтар салдарынан қатарынан екінші ай төмендеген.

Ресей билігі мұнай мен мұнай өнімдерін өндіру және экспорттау жөніндегі деректерді құпия еткен. Дегенмен Bloomberg дереккөздерінің мәліметінше, қаңтарда Ресей тәулігіне орта есеппен 9,28 миллион баррель мұнай өндірген. Бұл желтоқсанмен салыстырғанда 40 мың баррельге аз әрі ОПЕК-ке мүше елдермен жасалған келісімде белгіленген өндіру лимитінен 300 мың баррельге төмен.

Үнді компаниялары ресейлік мұнай сатып алудан бас тартуда

Бұл деректер үнділік ақпарат көздері арқылы да жанама түрде расталады. Hindustan Times газетінің жазуынша, қаңтар айында Үндістан Ресейден тәулігіне 1,215 миллион баррель мұнай импорттаған. Бұл желтоқсанмен салыстырғанда 12 пайызға, ал қарашамен салыстырғанда 22 пайызға аз.

2 ақпанда АҚШ президенті Дональд Трамп Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен қол жеткізілген келісім аясында Үндістан ресейлік мұнай сатып алуды тоқтататынын мәлімдеді. Бұл келісім Үндістан экспортына қатысты АҚШ-тағы импорттық баждарды төмендетуге бағытталған. Осыған байланысты Трамп бұған дейін Дели ресейлік энергия тасымалдаушыларын сатып алуды тоқтатпағаны үшін енгізілген қосымша 25 пайыздық баж салығын алып тастады.

Reuters агенттігі таратқан мәліметке сүйенсек, Үндістанның мұнай өңдеу компаниялары сәуір айында жеткізілетін ресейлік мұнайды сатып алудан бас тарта бастаған және ұзақ мерзімге мұндай келісімдерден тартынуды жоспарлап отыр. Бұл Нью-Делиге АҚШ-пен сауда келісімін жасауға көмектесуі мүмкін.

Indian Oil, Bharat Petroleum және Reliance Industries компаниялары наурыз және сәуір айларында ресейлік мұнайды тиеу бойынша трейдерлердің ұсыныстарын қабылдамай отыр. Көптеген басқа мұнай өңдеу зауыттары да ресейлік мұнайды сатып алуды тоқтатты, - деп жазады агенттік.

Жөнелтілген мұнайды сатуда қиындықтар туындады

Қазіргі уақытта Ресей жөнелтіліп қойған мұнайға сатып алушы табуда қиындық көріп отыр. Bloomberg есебінше, Үнді және Тынық мұхиттарында қазір оннан астам танкер жүр, олардың бортында шамамен 12 миллион баррель мұнай бар. Бұл мұнайға әзірге сатып алушы табылмаған.

Еске салайық біз бұған дейін Үндістан ресейлік мұнайдан бас тартқаны жайында жазған едік.

Өзгелердің жаңалығы