Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ресейде әуе кеңістігі шектелді: рейстер тоқтап, министр ауысты

7 Шілде 2025, 19:38
1267
Бөлісу:
 Росавиация
Фото: Росавиация

5 шілдеден бастап Ресейде ұшқышсыз ұшу аппараттарының (дрондардың) шабуылдары жиілегеннен кейін, елдің түрлі аймақтарында әуе кеңістігін пайдалануға шектеулер енгізілді,деп хабарлайды BAQ.KZ.

Росавиацияның ресми мәліметінше, 5 шілдеден бері:

• 485 рейс толықтай тоқтатылған;
• 88 рейс қосымша аэродромдарға қондырылған;
• 1 900-ге жуық рейс кешіктірілген;
• 43 мың жолаушы билет қайтаруға мәжбүр болған;
• 94 мыңнан астам адам уақытша қонақ үйлерге орналастырылған.

Росавиация ахуалды бақылауда ұстап отырғанын және азаматтық авиация жүйесі сыртқы қысымдарға төтеп бере алатынын мәлімдеді:
«Авиакомпанияларда қалыптасқан жағдайға бейімделуге жеткілікті ресурстар бар», — делінген ведомство хабарламасында.
 

Министр ауысты

Осы күрделі жағдайға байланысты Ресейдің көлік министрі Роман Старовойт қызметінен босатылып, оның орнына Андрей Никитин уақытша министр міндетін атқарушы болып тағайындалды. Бұл шешімді Ресей президенті Владимир Путин қабылдаған.

Әскери қақтығыстардың салдары

Аталған жағдай Ресей мен Украина арасындағы жаңарған әскери әрекеттер аясында туындап отыр. Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің соңғы әуе шабуылын «соғыс басталғалы бергі ең ірі соққылардың бірі» деп атады. Шабуылдан Киев қаласы қатты зардап шекті.

Сонымен қатар, Ресейдің бірнеше облысы да дрон шабуылдарына ұшырап отыр. Ресейлік БАҚ мәліметінше, Ростов облысындағы шабуыл кезінде бір зейнеткер көз жұмған.

Өзгелердің жаңалығы