Бұл туралы Астанаға келген Ресей Федерациясы Үкіметінің басшысы Михаил Мишустин айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біздің сапарымыз кезінде көрсетілген дәстүрлі қонақжайлық пен барлық іс-шаралардың тамаша ұйымдастырылғаны үшін алғыс айтамын. Сіздерге Ресей Президенті Владимир Путиннің сәлемі мен ең жақсы тілектерін жеткізуге рұқсат етіңіздер. Қазақстан – біздің стратегиялық серіктесіміз әрі одақтасымыз. Біздің қарым-қатынасымыз достық, тату көршілік, өзара құрмет пен бір-біріміздің мүдделерін ескеру қағидаттарына негізделген, – дейді Михаил Мишустин.
Ресей үкіметінің басшысы екі ел арасындағы міндеттерді атады.
Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында маңызды келісімдерге қол жеткізіліп, олар біздің екіжақты қатынастарымызды одан әрі дамытуға бағытталды. Ендігі міндетіміз – үкіметтеріміздің бұл келісімдерді мүлтіксіз орындауын қамтамасыз ету, – деді Михаил Владимирович.
Ресей Қазақстанның сыртқы сауда серіктестері арасында жетекші орында.
Өзіңіз айтқандай, өзара тауар айналымы 2,6 трлн рубльден (еск - 13,7 трлн теңге) асты. Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссия үлкен жұмыс атқарып жатыр, – деді ол.
Сондай-ақ Ресей премьер-министрі мәдени-гуманитарлық салада да ынтымақтастық қарқынды дамып жатқанын атап өтті.
Қазақстанда Мәскеу университеттерінің филиалдары жұмыс істейді, ал Ресейде 60 мыңға жуық қазақстандық студент білім алуда. Айта кетейін, биыл Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің келісімі бойынша білім гранттарының саны 100-ге артып, 800 стипендияға жетті. Біз бұл қадамды толығымен қолдаймыз, – дейді ол.
Еске сала кетейік, Қазақстан мен Ресей сауда көлемін 30 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отырғанын осыған дейін жазғанбыз. Қазақстанда ресейлік 23 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Олжас Бектенов Ресей мен Қазақстан арасында мәдени-гуманитарлық салаларда мазмұнды іс-шаралар көбейіп жатқанын айтты.