Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келіссөздер қайта жанданды. Стамбулда өткен кездесуге Путин мен Зеленский қатыспады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
16 мамыр күні Стамбулда Ресей мен Украина делегацияларының кездесуі өтті. Бұл – 2022 жылдың көктемінен бері алғаш рет ұйымдастырылған ресми келіссөз. Кездесуді Ресей президенті Владимир Путин ұсынғанымен, өзі Түркияға бармай, көмекшісі Владимир Мединскийді жіберді. Ал Украина президенті Владимир Зеленский келіссөзге тек Путин қатысқан жағдайда ғана баратынын мәлімдеді.
Кездесу екі сағатқа да жетпей аяқталды. Бастапқыда үшжақты форматта – Түркия өкілінің қатысуымен өтеді делінген. Алайда Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фидан делегацияларға сәлемдесу сөзін айтып, келіссөз залынан шығып кетті. Түрік тарабы бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.
Келіссөзге дейін Украина қорғаныс министрі Рүстем Умеров елінің атысты толық және біржола тоқтатуға дайын екенін айтты. Ол Украина тек тұрақты және әділ бейбітшілікке қол жеткізуді көздейтінін жеткізді.
Ресей делегациясын басқарған Владимир Мединский бұл кездесуді 2022 жылғы келіссөздердің жалғасы деп атады.
Біздің міндетіміз – жанжалдың түп-тамырын жою арқылы ұзақ мерзімді бейбітшілікке қол жеткізу, – деді ол.
Алайда Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак Ресейдің 2022 жылмен байланыс орнатуға тырысуын қабылдамады.
Ол кездесу мен бүгінгі күннің арасындағы жалғыз ортақ нәрсе – бұл Стамбул қаласы ғана, – деді ол.
BBC және Reuters агенттіктерінің мәліметінше, Ресей делегациясы Украинаға өз аумағынан әскерін шығару туралы талап қойған. Киев бұл ұсынысты «қабылданбайтын» деп бағалады.
Келіссөздердің алдында Зеленский Анкарада Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен үш сағаттан астам келіссөз жүргізді. Кейін Украина делегациясы Стамбулға аттанды. Зеленскийдің өзі Албаниядағы Еуропалық саяси қауымдастық саммитіне баруды жөн көрді.
Ресей делегациясының деңгейі төмен екеніне қарамастан, президент Трампқа және президент Ердоғанға құрмет ретінде делегация жіберуді жөн санадым, – деді Зеленский.
АҚШ президенті Дональд Трамп та келіссөздерге пікір білдіріп, Путинмен жеке кездеспейінше ештеңе шешілмейтінін айтты.
Путин неге келмеді деп сұрайсыз ба? Мен де келмедім ғой, – деді ол Катарда сөйлеген сөзінде.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да келіссөзден көп үміт күтпейтінін жеткізді. Оның айтуынша, тек Трамп пен Путин арасындағы тікелей диалог ғана нақты нәтижеге әкелуі мүмкін.