Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ресей мен Украина арасында келісім бар, бірақ...

Олжас АДАЙ
Бүгiн, 15:26
250
Бөлісу:
 BAQ.KZ
Фото: BAQ.KZ

АҚШ пен Украина қақтығысты тоқтатуға бағытталған бірқатар мәселе бойынша ортақ ұстанымға келгенімен, Донбасс аумағы мен Запорожье атом электр станциясын басқару мәселесі әлі де ашық күйінде қалып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Associated press-ке сілтеме жасап.

АҚШ пен Украина Украинадағы соғысты реттеу жолындағы келіссөздерде бірқатар маңызды бағыттар бойынша консенсусқа келген. Алайда елдің шығысындағы аумақтық мәселелер мен Запорожье атом электр станциясын басқару тетігі бойынша тараптардың ұстанымы әлі де сәйкес келмейді. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді.

Оның айтуынша, соңғы күндері Флоридада өткен келіссөздерден кейін АҚШ тарапы Ресей өкілдеріне 20 тармақтан тұратын жоспар ұсынған. Қазіргі таңда Мәскеудің ресми жауабы күтіліп отыр.

Зеленский ең күрделі мәселе Донецк пен Луганск облыстарына қатысты аумақтық даулар екенін атап өтті. Ресей бұл өңірлер бойынша барынша қатаң талаптар қойып отыр, ал Украина өз бақылауындағы аумақтардан бас тартпайтынын жеткізді.

Компромисс іздеу мақсатында АҚШ даулы аймақтарды еркін экономикалық аймаққа айналдыру нұсқасын ұсынған. Алайда Украина кез келген шешім халықтың еркін білдіретін референдум арқылы қабылдануы тиіс деген ұстанымда. 

Сонымен қатар Киев бұл аумақтардың демилитаризацияланып, халықаралық күштердің бақылауына берілуін талап етеді.

Тағы бір түйінді мәселе – Ресей бақылауында тұрған Запорожье атом электр станциясын басқару. АҚШ бұл нысанды Украина мен Ресей қатысатын консорциум арқылы басқаруды ұсынса, Украина тарапы АҚШ-пен бірлескен кәсіпорын құру идеясын алға тартты.

Украина президентінің айтуынша, бірқатар тармақтар бойынша көзқарастар жақындағанымен, аумақтық мәселе мен атом электр станциясына қатысты келісімге келу әзірге мүмкін болмаған.

Сонымен Украина билігі ұсынғна бейбіт жоспарының 20 тармағы келесідей:

1. Украинаның егемендігін растау.
2. Ресей мен Украина арасында шабуыл жасамау туралы келісім, қақтығыс шебінде мониторинг.
3. Қауіпсіздік кепілдіктері.
4. Бейбіт кезеңдегі Украина Қарулы күштерінің саны – 800 мың.
5. АҚШ, НАТО және Еуропа НАТО-ның 5-бабына ұқсас қауіпсіздік кепілдіктерін береді. РФ қайта басып кірсе, әскери жауап және санкциялар қайта енгізіледі.
6. Ресей Еуропа мен Украинаға шабуыл жасамау саясатын заңнамалық деңгейде бекітеді.
7. Украина белгілі бір мерзімде Еуропалық одаққа мүше болады (мүше болу датасы бекітіледі).
8. Инвестициялар жөніндегі жеке келісімде айқындалатын жаһандық даму пакеті.
9. Қалпына келтіру үшін бірнеше қор құрылады. Мақсат – 800 млрд доллар тарту.
10. Украина АҚШ-пен еркін сауда туралы келісім жасасу процесін жеделдетеді.
11. Украинаның ядролық қарусыз мәртебесі.
12. Запорожье АЭС-і бойынша ымыра жоқ. АҚШ үшжақты басқаруды ұсынады, негізгі менеджер – америкалықтар. Украинаның ұсынысы: АҚШ пен Украина – 50/50.
13. Мектептерде толеранттылыққа бағытталған білім беру бағдарламалары енгізіледі.
14. Аумақтар: ең күрделі тармақ. Нұсқалардың бірі – Ресей Днепропетровск, Николаев, Сумы және Харьков облыстарынан шығады. Донецк, Луганск, Запорожье, Херсон облыстарында – «қазіргі тұрған жерімізде қаламыз». РФ Донецк облысынан толық шығуды талап етеді. АҚШ еркін экономикалық аймақты ұсынады. Келісім болмаса, бұл мәселе және бүкіл құжат референдумға шығарылады.
15. РФ мен Украина келісімдерді күшпен өзгертпеуге міндеттенеді.
16. Ресей Украинаның Днепр өзені мен Қара теңізді коммерциялық мақсатта пайдалануына кедергі келтірмейді. Кинбурн косасы демилитаризацияланады.
17. Барлық тұтқындарды «бәрін бәріне» қағидасымен алмастыру, азаматтық тұлғалар мен балаларды қайтару.
18. Украина келісімге қол қойылғаннан кейін мүмкіндігінше тез сайлау өткізеді.
19. Келісім заңды түрде міндетті болады. Орындалуын Трамп басқаратын Бейбітшілік кеңесі бақылайды.
20. Барлық тараптар келіскен соң толық атысты тоқтату дереу күшіне енеді.

Өзгелердің жаңалығы