Венгрия билігі Ресей Федерациясынан энергия ресурстарын импорттауға тыйым салатын REPowerEU ережесінің күшін жоюды талап етіп, Люксембургтегі Еуропалық Одақ сотына арыз берді. Бұл туралы Венгрияның сыртқы істер және сыртқы экономикалық байланыстар министрі Питер Сийярто X әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, талап арыз үш негізгі уәжге негізделген. Біріншіден, энергия ресурстарын импорттауға тыйым салу тек барлық мүше елдердің бірауыздан келісімімен қабылданатын санкциялар арқылы енгізілуі тиіс. Ал REPowerEU регламенті сауда саясаты шеңберінде бекітілген.
Екіншіден, ЕО шарттарына сәйкес, әрбір мүше мемлекет энергия көздері мен жеткізушілерін өз бетінше таңдауға құқылы. Үшіншіден, энергетикалық ынтымақтастық қағидаты барлық елдің энергиямен қауіпсіз қамтамасыз етілуін талап етеді. Сийяртоның айтуынша, бұл талап Венгрияға қатысты сақталмаған.
Министр Ресейден газ жеткізілімін тоқтату Венгрия үшін қымбат әрі сенімсіз баламаларға тәуелділік тудыратынын, бұл өз кезегінде халық үшін коммуналдық төлемдердің қымбаттауына әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
Питер Сийярто сот процесі бір жарым жылдан екі жылға дейін созылуы мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар ол премьер-министр Виктор Орбан басқаратын «Фидес – Венгрия азаматтық одағы» партиясының алдағы парламент сайлауында жеңіске жетуі сот процесін соңына дейін жеткізу үшін маңызды екенін атап өтті.
Бұған дейін Еуропалық Одақ 2027 жылдың 1 қарашасына дейін Ресейден газ импортынан толық бас тарту туралы шешім қабылдаған. Бұл шешім 26 қаңтарда білікті көпшілік дауыспен мақұлданды. Сұйытылған табиғи газ импорты 2026 жылдың соңына дейін, ал құбыр арқылы жеткізу 2027 жылдың 30 қыркүйегіне дейін тоқтатылуы тиіс.