Ресей елшісі Никонов пен Федоровтың мәлімдемелеріне қатысты ашығын айтты

11 Ақпан 2021, 15:35
6233
Бөлісу:
Ресей елшісі Никонов пен Федоровтың мәлімдемелеріне қатысты ашығын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ресейдің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында ресейлік депутаттардың Қазақстан шекарасына қатысты мәлімдемелеріне пікір білдірді.

Тым жақын қабылдап, дауға айналдыра берудің қажеті жоқ деп санаймын. Алайда ол орынсыз сөздер Ресейдің ресми ұстанымына қарама-қайшы екенін ерекше айта аламын. Екі елдің арасында шекара нақты келісімшартпен бекітілген және барлық ұзындығы бойынша делимитациядан өтті. Қазақстан мен Ресейдің күн тәртібінде аумақтық талап-тілектер мүлдем талқыланып жатқан жоқ. Ресей Қазақстанның тәуелсіздігіне, егемендігіне және территориялық тұтастығына құрметпен қарайды, - деді Алексей Бородавкин. 

Сондай-ақ елші әскери ынтымақтастық туралы келісімді еске түсірді. Оған сәйкес Қазақстан мен Ресей бір-бірінің аумақтық тұтастығы мен егемендігін өзара қорғауы тиіс.

Ресей мен Қазақстан арасындағы шекара екі мемлекетті бөлмей, керісінше, жақындастыруы керек. Менің ойымша, аумақтық тақырыпты қоздырып жүргендер –Ресей мен Қазақстан арасындағы достық қатынастарға зиян келтіру мақсатын көздейді. Қазіргі шекарадағы Қазақстан мемлекеттілігінің тарихын ғалымдар зерттеуі тис. Оны екі мемлекеттің сыртқы саяси текетіресін туғызу үшін қолдануға болмайды, - дейді елші.

Айта кетейік, 2020 жылдың желтоқсанында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Вячеслав Никоновтың «Қазақстан аумағы - Ресейдің керемет сыйы» деген мәлімдемесіне байланысты Ресейге нота тапсырған болатын. Кейін Никоновтың өзі: «Қазақ КСР шекарасын бекітуде Қазақстан мүддесі толықтай ескерілді. Кейін Қазақ КСР Қазақстан Республикасы болды. Мүмкіндікті пайдалана отырып, бауырлас Қазақстан халқына ыстық ілтипатымды білдіріп, "Большая игра" бағдарламасында мен дәл осы нәрсені айттым», - деп жазған болатын Telegram-каналында.

Өзгелердің жаңалығы