Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Рекордты астық: Қазақстан мол өнімді қайда өткізеді?

Кеше, 18:30
109
Бөлісу:
 BAQ.KZ
Фото: BAQ.KZ

Соңғы жылдары Қазақстанның астық нарығы өзіне тән бір қайшылықты кезеңді бастан өткеріп отыр. Бір жағынан, елде жиналатын өнім көлемі артып келеді, кей өңірлерде тіпті рекордқа жуық көрсеткіш тіркелді. Екінші жағынан, осы мол астықты тиімді өткізу, яғни оны қайда, қалай және қандай бағамен сату мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. 2025–2026 маркетингтік маусым да бұл тұрғыда ерекше сынақ болатыны анық.

Ішкі нарықтың мүмкіндігі шектеулі екені бұрыннан белгілі. Халық саны мен мал шаруашылығының қажеттілігі жалпы өндіріс көлемімен салыстырғанда айтарлықтай аз. Сондықтан Қазақстан үшін астық – ең алдымен экспортқа бағытталған өнім. Ал экспорт дегеніміз тек сыртқы сұраныс емес, ол логистика, баға, келісімдер және уақытпен санасуды талап ететін күрделі процесс. BAQ.KZ тілшісі саралап көрді.

Экспортқа үміт артқан маусым

Салалық бағалауларға сәйкес, 2025–2026 маусымында Қазақстан сыртқы нарыққа 12–13 миллион тоннаға дейін астық шығаруды жоспарлап отыр. Бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі саналады. Маусымның алғашқы айларынан-ақ экспорт белгілі бір қарқын алды: жаңа өнім жинала салысымен теміржол арқылы астық жөнелту көлемі артты.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров министрліктің жылдық қорытындысы бойынша өткен баспасөзбен кездесуі барысында мәлімдеді.

Белгілі болғандай, жемшөптік ұнды қоса есептегенде, сыртқа шығарылған өнім көлемі 15 млн тоннадан асқан. Қалған бөлігі ел ішінде қалды: мал азығына, өңдеуге және тұқым ретінде пайдаланылды.

Жаңа жиналған өнімнен қазіргі уақытқа дейін 3,9 млн тонна астық экспортталды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,6 пайызға көп. Экспорттық әлеует 13 млн тоннаға дейін жетеді, ал қазақстандық астық пен ұн 45 елге жөнелтіліп отыр, - деп атап өтті министр.

Ведомство басшысы экспорттың жоғары болуы тиімді деп отыр.

Өйткені Қазақстан өз қажетіне керек көлемнен 2–3 есе көп астық өндіреді. Артық өнім сыртқа шығарылған кезде ішкі нарыққа және дәстүрлі өткізу нарықтарына қысым түспейді. Одан бөлек, елге валюталық түсім келеді. Бұл ұлттық валютаның тұрақтылығына оң әсер етеді. Ал фермерлер тапқан табысына жаңа техника сатып алып, экономикаға инвестиция құяды, ауылдардың дамуына үлес қосады, - дейді Айдарбек Сапаров.

Ең бастысы, мына жайтты ескерген жөн: рекордты өнім өзінен-өзі рекордты табыс әкеледі деген сөз емес. Егер астық уақытында сатылмаса, ол қоймаларда жатып қалады, ал бұл шаруалар үшін де, мемлекет үшін де қосымша шығын. Сондықтан экспорттың әр бағыты мен әр келісімі алдын ала есеппен жүзеге асырылады.

Дәстүрлі нарықтар әлі де негізгі тірек

Қазақстан бидайының негізгі тұтынушылары жыл сайын түбегейлі өзгеріп отырған жоқ. Орталық Азия елдері – Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түрікменстан – бұрынғыша басты сатып алушылар қатарында. Бұл нарықтар үшін қазақстандық астық қолжетімді, логистикасы салыстырмалы түрде ыңғайлы әрі сапасы жақсы таныс.

Соңғы маусымда Әзербайжан бағытының да жандана түскені байқалды. Кавказ нарығында қазақстандық бидай ресейлік және украиналық өніммен қатар ұсынылып, баға мен жеткізу мерзімі тұрғысынан бәсекеге түсе бастады.

Ал Қытай бағыты әзірге Қазақстан үшін толыққанды әрі тұрақты экспорттық нарыққа айнала қойған жоқ. Қытай билігі ішкі өндірісті қорғауға басымдық беріп, импорт көлемін қатаң бақылауда ұстап отыр. Бұл жағдай Қазақстан астығына деген сұраныстың күткен деңгейге жетпеуіне әсер етті.

Логистика – басты сын

Астық экспортындағы ең әлсіз әрі ең маңызды буын – логистика. Қазақстан теңізге тікелей шығатын жолы жоқ ел болғандықтан, әр тонна астықтың соңғы бағасына тасымал құны тікелей ықпал етеді.

2025 жылы теміржол арқылы астық тасымалы артқанымен, шекара өткелдеріндегі жүктеме, вагон тапшылығы мен тариф мәселелері толық шешілген жоқ. Осыған байланысты Үкімет 2026 жылға қарай экспорттаушыларға тасымал шығынын ішінара өтеу тетіктерін қарастырып отыр.

Бұл шара тек қолдау құралы ғана емес, қазақстандық астықтың экспорттық бәсекеге қабілеттілігін сақтаудың маңызды тетігі ретінде бағаланады. Себебі әлемдік нарықта баға ұқсас болған жағдайда, сатып алушы көбіне жеткізуі арзан әрі жылдам өнімді таңдайды.

Баға мәселесі: белгісіздік пен тәуекел

2026 жылға нақты баға болжамын айту қиын. Астық нарығы ауа райына, геосаяси жағдайға, Ресей мен Қара теңіз өңіріндегі ұсыныс көлеміне, сондай-ақ валюта бағамына тікелей тәуелді. Алайда бір нәрсе анық: мол өнім жағдайында бағаға қысым күшейеді.

Халықаралық нарықта қазақстандық бидай көбіне ресейлік өнімге қарағанда сәл арзанырақ бағаланады. Бұл сатып алушы үшін тартымды болғанымен, экспорттаушылар үшін табыс маржасын шектейді. Егер логистика мен сақтауға кететін шығындар өссе, бұл айырмашылық одан әрі ұлғаюы мүмкін.

Сондықтан 2026 жылғы басты міндет – бағаны жасанды түрде ұстап тұру емес, шығындарды оңтайландыру арқылы экспорттың тиімділігін сақтау.

Шикізат экспорты ма, әлде өңдеу ме?

Рекордты өнім жылдары Қазақстан үшін тағы бір өзекті мәселені алға шығарады: астықтың басым бөлігі әлі де шикізат ретінде сыртқа шығарылады. Ал ұн, макарон және өзге де терең өңделген өнімдер әлдеқайда жоғары қосымша құн қалыптастырады.

Соңғы жылдары ұн экспорты кейбір нарықтарда қайта жандана бастады. Оңтүстік Азия бағытында, соның ішінде Пәкістан нарығында өңделген өнімге сұраныс бар. Егер бұл бағыт жүйелі түрде дамыса, Қазақстан үшін баға құбылмалылығына тәуелділік азая түсуі мүмкін.

2026 жылға болжам

Алдағы маусымға қатысты негізгі болжам мынадай: Қазақстан астық экспортын негізінен дәстүрлі нарықтарға сүйене отырып жүзеге асырады. Логистика саласына қолдау көрсетілген жағдайда, экспорт көлемін жоғары деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік бар. Баға тұрақсыз болып қала береді, бірақ шығындарды бақылау шешуші факторға айналады. Ұзақ мерзімді перспективада өңделген өнім үлесін арттыру мәселесі өзектілігін сақтап отыр.

Рекордты астық – үлкен жетістік. Алайда ол өздігінен нәтиже бермейді. Қазақстан үшін 2026 жыл жиналған өнім көлемімен емес, осы астықты қаншалықты ақылмен, уақытында және тиімді өткізе алғанымен бағаланады. Экспорт бағыттары, логистика және өңдеу саласындағы қабылданатын шешімдер елдің аграрлық саясатының нақты нәтижесін айқындайтын басты көрсеткіш болмақ.

Өзгелердің жаңалығы