Алматы облысы Іле ауданы Құрты ауылдық округінде «Әлемдегі ең үлкен түйе керуені – 2025» атты мәдени шара өтіп, Қазақстан Гиннес рекордын жаңартты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Керуенге 1000 түйе қатысып, ұзындығы 1 шақырымдық арнайы дайындалған маршруттан өтті. Бұған дейінгі рекорд 2022 жылы Қытайда тіркелген болатын, онда 365 түйе жүріп өткен.
Іс-шара Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен және "Дәулет-Бекет" шаруашылығының бастамасымен ұйымдастырылды. Қауіпсіздікті полиция, медицина және ветеринарлық қызмет өкілдері қамтамасыз етті.

Мәдени бағдарламаның аясында бес киіз үй тігілді, ұлттық тағамдар ұсынылды, қонақтар шұбаттан дәм татты. Концерттік бағдарлама да ұйымдастырылды.
Гиннес рекордтар кітабының өкілі Ричард Стэннинг жиынға арнайы қатысты.
Қазақстанның бұл жетістігі – тек ұлттық мәдени мұра ғана емес, бүкіл әлемнің ортақ қазынасы, – деп атап өтті Ричард Стэннинг.
Енді Қазақстан ресми түрде "Әлемдегі ең үлкен түйе керуені" атағын алып, Гиннес рекордтар кітабына енгізіледі.