Астана, BAQ.KZ. Астанада Азия регби федерациясының президенті Хусейн Ага мен Қазақстан ҰОК Бас хатшысы Сәкен Мұсайбеков және бас директор Нұрлан Нөгербектің қатысуымен маңызды кездесу өтті, деп хабарлады Olympic.kz. Кездесу барысында тараптар әрі қарайғы әріптестік туралы әңгімелесті.
Хусейн Ага Қазақстанға сапары барысында Астана және Алматы қалаларында болды. Оның елімізге келудегі басты мақсаттарының бірі Қазақстан регби Федерациясының отырысына қатысу еді.
Бірінші кезекте аталған спорт түрінің еліміздегі даму қарқыны сөз болды. Қазақстандағы регби спортының дамуы айтарлықтай жоғары деңгейде еместігі де айтылды.
Регбиден Қазақстан әйелдер командасының әлемдік серияның іріктеу турниріне қатысуы да жиында талқыланған басты мәселелердің бірі болды. Сондай-ақ, еліміздегі жаттығу талаптарымен де басшылық танысып үлгерді.
Регбиден Қазақстан әйелдер құрамасының 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына лицензия иелену мүмкіндігі бар. Ол үшін лицензия тарататын екі мүмкіндіктің бірін пайдалану қажет.
Айта кетелік, Қазақстанның қыздар командасы үшін Азия аймағындағы іріктеу кезеңі аса маңызды болмақ. Төрт жыл бұрын қазақстандықтар құрлықтағы жалғыз жолдамаға талас кезінде Жапонияға жол беріп, Рио Олимпиадасынан сырт қалған еді. Енді Күншығыс елінің өкілдері іріктеу сындарынан босатылды. Демек, жолдамаға басты үміткер ретінде Қазақстан мен Қытай құрамаларын қарастыруға болады. Екі команданың лицензия иелену мүмкіндігі тең дәрежеде екенін айта кеткен жөн.