Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары Омер Коджаман Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында өткен брифингте Қазақстанда республикалық референдум жоғары белсенділікпен және қоғамның кең қатысуымен өтіп жатқанын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бақылаушылар дауыс беру процесінің үлкен ынтамен және азаматтардың белсенді қатысуымен ұйымдастырылғанына куә болған.
Бақылау барысында референдум қоғамның барлық тобының қатысуымен, үлкен қызығушылық пен жоғары белсенділік жағдайында өткенін көрдік. Дауыс беру процесі сәтті ұйымдастырылған, – деді Омер Коджаман.
Ол Қазақстандағы конституциялық өзгерістерге қатысты дауыс беру нәтижелері де тиісті деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
Осы сайлауды ұйымдастырған Қазақстан халқына және Орталық сайлау комиссиясына алғысымызды білдіреміз, – деді ол.
Омер Коджаман референдум нәтижесінде енгізілетін өзгерістер елдің дамуына оң ықпал ететініне сенім білдірді.
Бұл референдум қазақ халқына, Қазақстан мемлекетіне және жалпы түркі әлеміне игілік әкелсін деп тілейміз. Қазақстан – түркі дүниесіндегі ең қуатты мемлекеттердің бірі. Жүргізіліп жатқан реформалар мен елдің серпінді дамуы Қазақстанның түркі әлеміндегі рөлін одан әрі күшейтеді деп сенеміз, – деді Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары.