Референдумның Қазақстан тарихындағы орны ерекше болатыны сөзсіз – Президент

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөз сөйледі.

 Ақорда 12 Наурыз 2026, 13:41
12 Наурыз 2026, 13:41
771
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ауқымы жағынан да, құрамындағы мамандардың кәсіби деңгейі тұрғысынан алып қарасақ та теңдесі жоқ Комиссия өте көп жұмыс атқарды. Мыңдаған ұсынысты жүйелеп, ретке келтіру – оңай шаруа емес. Мен осы сәтті пайдаланып, Халық Конституциясының мәтінімен жұмыс істеген барша азаматқа тағы да зор алғыс айтамын. Сондай-ақ ел тағдырына тікелей әсер ететін мәселеге бейжай қарамай, өз ұсыныстарын жолдаған адамдарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Сарапшылар барлық негізгі мәселе бойынша ортақ мәмілеге келген соң ғана жаңа Конституцияның соңғы жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, республикалық референдумға шығарылды. Енді алдағы жексенбіде халқымыз дауыс береді. Бұл референдумның Қазақстан тарихындағы орны ерекше болатыны сөзсіз, - деді ол.

Оның айтуынша, азаматтарымыз Конституция жобасын қолдаған жағдайда Қазақстанда жаңа, анағұрлым тиімді, яғни, еліміздің ұзақмерзімді тұрақты дамуына жол ашатын саяси жүйе қалыптасады. 

Конституциялық Сот төрағасы мен судьяларының, Жоғары Сот төрағасының және Бас прокурордың өкілеттілік мерзімін шектейтін ережелер Конституция жобасындағы жаңашылдық болды. Негізгі заң жобасына сәйкес, бір адам аталған қызметтерге бір реттен артық тағайындалмайды. 

Мемлекеттегі жоғары лауазымды тұлғаларының өкілеттігін бір мерзіммен шектеу – бұрын-соңды болмаған саяси жаңашылдық. Сонымен қатар Құрылтайдың Конституциялық Сот пен Жоғарғы Сот судьяларын қол сұғылмау кепілдігінен айыру, Премьер-министрді тағайындауға келісім беру құзыреті сақталады. Осылайша, тежемелік және тепе-теңдік жүйесі нығайып, оның тиімділігі арта түседі. Енді бір палаталы Парламентте Президент квотасы болмайды. Оны сақтауға да болар еді. Конституциялық реформа жөнінде келіп түскен ұсыныстардың қатарында осы квотаны күшінде қалдыру туралы да көп айтылды. Бірақ депутаттар ешқандай артықшылықсыз бірыңғай ереже бойынша сайлануға тиіс деп санаймын. Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметші лауазымын атқаруына, тіпті, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшысы болуына тыйым салатын норма айрықша мәнге ие. Бұл ереже биліктегі отбасылық жүйеге және оның бір қолға шоғырлануына тосқауыл қояды. Кейбір ықпалды адамдар, басқаша айтқанда «сұр кардиналдар» немесе «саясат сахнасының сыртындағы ойыншылар» мемлекеттік институттарды алмастырмауы керек. Бұл тәжірибе түбегейлі жойылды, - деді Тоқаев.

Наверх