Референдумнан кейін қазақстандықтарға фейк ақпараттар туралы ескерту жасалды

Орталық сарапшыларының болжамынша, сайлау учаскелері жабылғаннан кейін мұндай ақпараттық белсенділік жаңа кезеңге өтуі мүмкін.

 istockphoto.com Кеше 2026, 22:24
Кеше 2026, 22:24
218
Фото: istockphoto.com

Республикалық референдум аяқталғаннан кейін мамандар қазақстандықтарды жалған ақпараттың таралуы мүмкін екені туралы ескертті. Жалған ақпаратқа қарсы күрес орталығы мәліметінше, дауыс беру күні бойы референдум рәсіміне қатысты жалған және манипуляциялық материалдардың таралуы тіркелген, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Орталық сарапшыларының болжамынша, сайлау учаскелері жабылғаннан кейін мұндай ақпараттық белсенділік жаңа кезеңге өтуі мүмкін. Яғни, ендігі назар дауыс беру нәтижелеріне және дауыстарды санау процесіне күмән келтіруге бағытталуы ықтимал.

Мамандардың айтуынша, ақпараттық кеңістікте жалған экзит-пол нәтижелері, алдын ала дайындалған дауыс беру қорытындылары, «бюллетеньдерді ауыстыру», «урналарды жасырын әкету» сияқты дәлелсіз мәлімдемелер таралуы мүмкін. Сонымен қатар дауыс берудің жалған нәтижелері көрсетілген құжаттар мен кестелер де жариялануы ықтимал.

Орталық өкілдері түрлі елдердегі сайлау науқандарын бақылау тәжірибесіне сүйене отырып, мұндай ақпараттық толқын дауыс беруден кейінгі бірнеше күн бойы жалғасуы мүмкін екенін атап өтті. Осы кезеңде дауыс берудің жекелеген сәттері бұрмаланып көрсетілетін немесе референдум нәтижелеріне теріс көзқарас қалыптастыруға бағытталған материалдар жиі таралады.

Мамандар азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сеніп, тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырды.

Наверх