Қазақстанда 15 наурызда өтетін республикалық референдумға 380 шетелдік байқаушы аккредиттелді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, аккредитациялау процесі ақпан айында басталып, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп жүргізілген.
Мұхтар Ерман алғашқы байқаушылар 12 ақпанда өткен комиссияның алғашқы отырысында тіркелгенін атап өтті.
12 ақпанда Орталық референдум комиссиясының алғашқы отырысында үш ұйымнан және шетелдік мемлекеттердің жеті өкілінен тұратын байқаушылар аккредиттелген еді. Кешеге дейін қосымша бірнеше құжаттар пакеті келіп түсті. Біз бұл жұмысты Сыртқы істер министрлігімен тығыз ынтымақтастықта жүргіздік және әлі де жүргізіп келеміз, – деді ол.
Келіп түскен құжаттарды қарау қорытындысы бойынша комиссия байқаушылардың кеңейтілген тізімін бекітті.
Біздің отырысқа түскен ұсыныстар бойынша 380 байқаушыдан тұратын тізім бекітілді. Оның ішінде 10 халықаралық ұйымның өкілдері бар. Сондай-ақ 34 елден келген байқаушылар тіркелді, жалпы саны – 166, – деді Мұхтар Ерман.
Оның айтуынша, аккредиттелген байқаушылар туралы барлық ақпарат ашық түрде жарияланады.
Белгіленген тәртіпке сәйкес, қабылданған шешімдерге сай барлық ұйымдардың атауы және байқаушылар туралы мәліметтер біздің сайтта жарияланады. Орталық референдум комиссиясының сайтынан толық ақпаратпен таныса аласыздар, – деп атап өтті ол.