Төлеген Күнәділов: Референдумда 19 мыңға жуық қоғамдық бақылаушымыз қатысты

Бақылаушылар елдегі барлық ашық учаскеде жұмыс істеді. 

 "Дауыс" коалициясы Бүгiн 2026, 12:12
Бүгiн 2026, 12:12
184
Фото: "Дауыс" коалициясы

Жаңа Конституция жобасына арналған республикалық референдумға «Дауыс» қоғамдық бақылаушылар коалицияснан 19 мыңға жуық бақылаушы қатысты. Бұл жайында коалиция төрағасы Төлеген Күнәділов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, бақылаушылар елдегі барлық ашық учаскелерде жұмыс істеп, дауыс беру барысын күні бойы бақылаған.

Төлеген Күнәділовтің сөзінше, дайындық жұмыстары 17 ақпанда басталған.

Кешегі референдумға біз бір ай бұрыннан бастап дайындалдық. 17 ақпанда әлеуметтік желілерімізде референдумның заң талаптарына сай өтуіне қоғамдық бақылау жүргізуге дайын екенімізді жариялап, бақылаушы болатынымызды мәлімдедік, – деді ол.

Коалиция төрағасы бір ай бойы өңірлерде аймақтық штабтар жұмыс істегенін, осы кезеңде бақылаушыларды дайындау жүргізілгенін айтты.

Біз сайлау үдерісінің, сайлау заңнамасының қаншалықты күрделі екенін түсінеміз. Сондықтан бақылаушы ретінде өз құқықтары мен міндеттерін нақты білетін, жауапкершілікті сезінетін әрі бақылау тәжірибесі бар адамдарға сүйенеміз, – деді Төлеген Күнәділов.

Оның айтуынша, дәл осындай тәжірибелі бақылаушылар сайлау үдерісіне объективті әрі әділ баға беруге мүмкіндік береді.

Коалиция дерегіне сәйкес, дауыс беру күні таңғы сағат 6-дан бастап ел бойынша ашылған 9779 учаскенің барлығында бақылаушылар тіркеуден өтіп, күні бойы жұмыс істеген.

Өңірлерде жедел жұмыс істейтін ситуациялық орталықтар құрылды. Олар әрбір ашық учаскедегі жағдайды нақты уақыт режимінде бақылаушылармен тікелей байланыс арқылы біліп отырды, – деді коалиция төрағасы.

Төлеген Күнәділов бақылаушылардан түскен ақпаратқа сүйеніп, комиссиялардың жұмысына қатысты шағым немесе ескерту тіркелмегенін жеткізді.

Бақылаушыларымыздың мәліметінше, күні бойы референдум комиссияларының жұмысына немесе өзге қатысушыларға қатысты қандай да бір ескерту не шағым тіркелген жоқ. Басқаша айтқанда, бұзушылықтар болған жоқ. Референдумның ашықтығына, үдерістің заңдылығына әсер ететін заңбұзушылықтар анықталмады, – деді ол.

Сонымен қатар бақылаушылар күні бойы арнайы сауалнамалар толтырып отырған.

Бақылаушыларымыз күні бойы 3 түрлі сауалнама толтырды. Олар – учаскенің ашылуы, дауыс беру барысы және қорытындыны шығару кезеңдері туралы ақпаратты қамтыды, – деп нақтылады Төлеген Күнәділов.

Қазір коалиция барлық деректерді жинап, сайлау үдерісіне қатысты өз бағасын беруге дайындалып жатыр.

Коалиция төрағасы азаматтардың белсенділігі жоғары болғанын да атап өтті.

Бақылаушыларымыздың дерегіне сүйенсек, таңғы сағат 7-ден бастап халық көптеп келе бастаған, бұл қарқын кешкі 7-8-ге дейін бәсеңдеген жоқ, – дейді спикер.

Сондай-ақ ол учаскелерде тұрғындардың көңіл күйі көтеріңкі болғанын жеткізді.

Саяси оқиғаны барынша халыққа ыңғайлы ету үшін ынталандыру шаралары да қалыс қалған жоқ. Мысалы, алғаш дауыс бергендерге сыйлықтар табысталды. Жалпы адамдар бұл үдерісті мерекедей қабылдады, – деді коалиция төрағасы.

Сондай-ақ ол электоралдық мәдениеттің жыл сайын өсіп келе жатқанын айтты.

Сайлау үдерісіне қатысу деңгейінің артуы әр учаскеде тек сайлаушылар саны ғана емес, бақылаушылар саны да көбейгенін көрсетеді. Әр адам белсенділікті тек сайлаушы ретінде ғана емес, бақылаушы ретінде де танытып жатыр, – деді Төлеген Күнәділов.

Оның мәліметінше, референдум күні коалиция тарапынан 18 мыңнан астам, шамамен 19 мың бақылаушы жұмылдырылған.

Біз 9779 ашық учаскенің барлығында бақылау жүргіздік. Түске дейін бір бақылаушы, түстен кейін дауыс беру аяқталғанға дейін екіншісі бақылап отырды. Олар бір-бірін алмастырып тұрды. Сөйтіп әр ашық учаскеге екі бақылаушыдан жолдама берілді, – деді коалиция төрағасы.

Наверх