Қазақстанда Орталық референдум комиссиясы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес 2026 жылғы 15 наурызда сағат 7.00-дегі жағдай бойынша өңірлерде барлық 10388 учаске дауыс беруге кірісті. 92 учаскеде аумақтық комиссиялардың қабылдаған шешімдеріне сәйкес дауыс беру таңғы сағат 6.00-де басталды, - деп атап өтті ҚР Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман.
Айтуынша, тізімдерге 12 461 796 азамат енгізілді. Учаскелік комиссиялар азаматтардың жазбаша өтініштері бойынша дауыс беру құқығын беретін барлығы 17 514 есептен шығару куәлігін берді.
Республикада 10388 дауыс беру учаскесі бар. Оның ішінде Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктерінде 54 елде 71 учаске орналасқан, - деді ОРК төрағасының орынбасары.
Айта кетейік, Сайлау органдарының мәліметінше, референдумға қатысушылардың тізіміне 12 461 796 азамат енгізілген.