Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Халықаралық байқаушылардың ақпараттық орталығында өткен брифингте Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясы мүшесі Әбдіжапар Бекматов референдумға қатысып жатқан қазақстандықтардың белсендігі өте жоғары екенін айтты.
Қырғызстандық бақылаушы сайлаушылар үшін учаскелерде барлық жағдай жасалғанын айтады.
Біз бірнеше сайлау учаскесінде болдық. Сайлаушылар, байқаушылар үшін барлық жағдай жасалғанын көрдік. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін барлық жағдай жасалғанын жеке тоқталып атап өткім келеді. Барлық сайлау учаскесінде пандустар, арнайы кабиналар бар, - дейді ол.
Шетелдік бақылаушы бірнеше сайлау учаскесінің ашылуына қатысқан.
Референдумда дауыс беруге қатысушылардың белсенділігі өте жоғары. Бірнеше уақыт бұрын ғана болған учаскеде 100-ден аса сайлаушы дауыс беріп үлгергенін көрдік. Ал ол учаскеде тізім бойынша шамамен 2 мыңнан аса адам тіркелген екен, - деп түсіндірді Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясы мүшесі Әбдіжапар Бекматов.
Бұған дейін қырғызстандық бақылаушы республикалық референдумның қазақстандықтар үшін саяси маңызы зор оқиға екенін атаған болатын.