Қонаев қаласының құрметті азаматы, белгілі кәсіпкер Мұрат Сіргебаев республикалық референдум күні ерекше бастама көтеріп, ретрокөліктерден құралған автошеру ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қала көшелерімен жүріп өткен сәні келіскен көне автомобильдер көпшіліктің назарын аударды. Сирек кездесетін ретрокөліктерді көрген тұрғындар қызыға қарап, суретке түсіп, ерекше әсер алды. Көпшілік үшін бұл күн тек маңызды саяси оқиға ғана емес, сонымен бірге көтеріңкі көңіл күй сыйлаған мерекелік сәтке айналды. Осылайша, Қонаев қаласында жағымды, позитивті атмосфера қалыптасты.
Айта кету керек, Мұрат Сіргебаев – қалада өз кәсібін табысты жүргізіп отырған ірі кәсіпкерлердің бірі. Ол қайырымдылық шараларына белсенді қатысып, шаһардың қоғамдық өміріне тұрақты түрде үлес қосып келеді. Сонымен қатар қаладағы ерекше нысандардың бірі – ретрокөліктер музейінің негізін қалаған.
Елге сіңірген еңбегі мен қоғамдық белсенділігі үшін ол Қонаев қаласының құрметті азаматы атағына ие болған.
Кәсіпкер референдум күні өз учаскесіне барып, азаматтық таңдауын да жасады.
Бүгін мен республикалық референдумға келіп, өз дауысымды бердім. Кәсіпкер ретінде еліміздегі тұрақтылық пен заң үстемдігі бизнестің дамуына тікелей әсер ететінін жақсы түсінемін. Мемлекетіміздің дамуына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын кезде бәріміздің жұмылғанымыз дұрыс, – деді Мұрат Сіргебаев.