Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының хатшысы Анастасия Щегорцова «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан 16 сағаттық онлайн марафонда айтты.
Референдумға дауыс беруг енгізілген азаматтардың үлесі 53,43%. Заңға сәйкес референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысса, референдум өткізілген болып саналады. Осылайша, Орталық референдум комиссияларының деректеріне сәйкес, заңмен берілген көрсеткішке қол жеткізіліп отыр, - деді ол.
Щегорцова атағандай, ОРК-ның келесі ақпараты 16:00-де беріледі.
Айта кетейік, Қазақстанда Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша жалпыхалықтық референдум болып жатыр. Дауыс беру сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін жалғасады.
Жалпы алғанда, референдумда заңның 33 бабына өзгеріс енгізіледі. Конституциялық түзетулер жобасы азаматтардың сұранысына негізделген және бүкіл қоғамның мүддесі үшін жүзеге асырылады. Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасын белгілі заңгер-құқықтанушылар және конституциялық құқық саласының мамандары әзірледі. Оған Конституциялық Кеңес оң бағасын берді. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың бәрі өзара байланысты және бір мақсатты көздейді.
Атап айтқанда, мынадай үдерістерге құқықтық негіз қалыптастыруға арналған:
Суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу;
Бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу;
Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру;
Елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту;
Азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру.