Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда жалпыхалықтық референдумда дауыс беру учаскелері ашылды.
Барлығы республика бойынша 10 013 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Қазақстандықтар сондай-ақ шетелдерде дауыс беруге құқылы. Референдумда дауыс беруге құқылы азаматтардың тізіміне 11,7 сайлаушы қосылған.
Ақмола облысы
Көкшетауда Конституциясына өзгерістер енгізу бойынша референдумда дауыс беру басталды.
Жалпы, облыс бойынша 218 сайлау учаскелері жұмыс істеп тұр. № 32 учаскеде алғашқылардың бірі болып Юбилейный шағын ауданының тұрғындары дауыс берді.
Учаскелердің ашылуы еліміздің мемлекеттік Әнұранын орындаудан басталды. Сайлау учаскелеріне бірінші болып келген көкшетаулықтар түрлі сыйлықтарға ие болды.
Павлодар облысы
Таң атқалы Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты барлық жеке құрам Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгертулер енгізуге байланысты өтетін рефрендумда белсенді дауыс беруде.
Жалпы, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы бойынша жедел шақырылымдағы сарбаздармен қатар офицерлер мен сержанттар және олардың отбасылары дауыс беруге болатын 6 сайлау учаскелері жұмыс істеп тұр.
Айта кетерлігі, сарбаздар 18-19 жас аралығында болғандықтан, еліміздегі дауыс беру саяси науқанына тұңғыш рет қатысып жатыр.
Дәл осы күні Семейдегі 5511әскери бөлімі және Павлодардағы 5512 әскери бөлімдеріне келетін жас шақырылымдағы сарбаздарға да әскери бөлім аумағындағы орналасқан сайлау учаскелерінде дауыс беретін болады.
Қарағанды облысы
Қарағанды облысының 777 учаскесінде Конституцияны өзгерту бойынша референдум басталды.
Қарағанды облысында таңғы сағат жетіде Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жалпыұлттық референдум өткізу бойынша учаскелер ашылды. Өңірде олардың саны 777. Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, референдумға 880 мыңнан астам қатысушы тіркелген.
Кеншілер мәдениет сарайында орналасқан Қарағанды қаласының № 17 учаскесінде референдумға 2082 қатысушы тіркелген.
Жезқазған қаласының әкімшілік аумағында 33 референдум учаскесі бар (29 қалалық, оның ішінде 1-жабық, 4-ауылдық учаске).
Қаладағы учаскелік референдум комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес 2022 жылғы 5 маусым, сағат 10.00-дегі жағдай бойынша қатысушылар тізімдеріне енгізілген азаматтардың жалпы санының 31,35 % - ы учаскелерге келіп референдум бюллетендерін алған. Олардың қатарында 94 жастағы кейуана Селантьева Валентина Ивановна дауыс беріп Отанымыздың тағдырына бей-жай қарамайтындығын көрсетті.
Шымкент қаласы
Шымкент қаласының Әл Фараби кітапханасында №228 референдум учаскесі орналасқан. Мұндағы учаске де сағат 7-де ашылды.
№228 референдум учаскесіне 3050 адам тіркелген. Шымкент қаласындағы Нұрсәт шағынауданының біраз бөлігі біздің учаскеге қарайды. Таңертең Мемлекеттік Әнұранымыз шырқалып, референдум учаскесін аштық. Сағат 7-ден ерте келген бірнеше сайлаушы есік сыртында күтіп тұрды. Міне, қазір сағат 09:30. Таңнан бері көбіне егде жастағы, орта жастағы азаматтарымыз келіп, дауыс беріп жатыр. Жастар жағы енді келеді деп күтіп отырмыз. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум болып жатқанына қуанып отырмын. Кешкі сағат 20:00-де дауыс беру аяқталады, – деді №228 референдум учаскесінің төрағасы Гүлмира Алпысбаева.
Шымкентте барлығы 311 референдум учаскесі бар екен. Дауыс берушілер саны – 631 133 адам. Мұны Шымкент қалалық референдум комиссиясының төрағасы Қайырбек Көбекұлы Құнанбаев айтты.
Сондай-ақ, бүгін Шымкентте қоғамдық көліктер жолаушыларды тегін тасымалдап жатыр.
Шығыс Қазақстан облысы
Өскеменде дауыс беру науқаны қызу жүріп жатыр. Біз барған №2 сайлау учаскесінде барлығы 2963 адам тіркелген екен.
Аталған учаскенің төрайымы Шағала Масалованың айтуынша, таңғы сағат 9-ға дейін солардың 500-ден астамы дауыстарын беріп үлгерген.
Учаске өз жұмысын таңғы сағат 7-де бастады. Таңнан бері адамдар легі толастаған емес. Әсіресе, әдеттегідей аға буын өкілдерінің белсенділігі ерекше, жастар да көп. Кешкі сағат 20-00-де учаске өз жұмысын аяқтайды, – деді Шағала Әнуарбекқызы.
Қостанай облысы
Тобыл өңіріндегі сайлау бөлімшелері таңғы сағат 7:00-ден бастап өз жұмысына кірісті. Осы орайда біз Қостанай облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Әсия Даунбаеваның пікірін білген едік.
Баршаңызға мәлім 2022 жылдың 5 маусымында елімізде Ата заңымызға енгізілетін өзгерістерге байланысты референдум өтіп жатыр. Облыс аумағында жергілікті уақыт бойынша таңғы жетіден бастап 735 сайлау бөлімшесі жұмысына кірісіп кетті. Сол бөлімшелерде 550 мыңнан астам сайлаушы тіркелген, - дейді Әсия Даунбаева.
Қостанай қаласындағы №10 мектепте орналасқан №74 сайлау бөлімшесіне алғашқылардың бірі болып Жұмағалиевтер отбасы келді. Қос қария еліміздің Әнұраны ойнап болған соң сайлау жәшігіне бюллетеньдерін салды.
Түркістан облысы
Екі миллионнан астам тұрғыны бар өңірде 1,1 млн сайлаушы тіркелген. Оларға 900-ден астам референдум учаскесі әзірленген. Жалпыхалықтық маңызды референдумға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев те қатысып, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-да ұйымдастырылған №133 референдум учаскесінде өз таңдауын жасады.
Аталған сайлау учаскесінде 2,5 мыңға жуық сайлаушы тіркелген. Сағат таңғы 7-ден бастап белсенділік танытқан тұрғындар Жаңа Қазақстанды құруға деген ниеттерін білдіріп, өз таңдауларын жасады. Референдум учаскесінің төрағасы Бегахмет Абусейтовтың айтуынша, референдум заң талаптарына сай әрі жоғары деңгейде өтіп жатыр.
Бұл аумаққа тіркелген сайлаушылардың белсенділігі өте жақсы. Учаске таңғы 7.00-ден бастап ашылды. Ең алғаш келіп, дауыс берген азаматтарға сый-сыяпат жасалды. Мұнда 2459 сайлаушы тіркелген. Оның көпшілігі – университет студенттері мен ұстаздары және қала тұрғындары. Учаскеде барлық әдістемелік құрал-жабдықтар орнатылды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалып, арнайы кабиналар қарастырылған, – деді ол.
Ақтөбе облысы
Бүгін таңғы сағат 7.00-де Ақтөбе облысында 517 дауыс беру учаскесі өз жұмысын бастады.
Учаскелерде алдымен Әнұран орындалды. Ақтөбеліктер сағат 7:00-ден бастап дауыс беру учаскелеріне келіп, дауыс беріп, белсенділік танытты. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы №552 дауыс беру учаскесіне таңғы сағат 7:00- ден 8:00-ге дейін 50-ге жуық адам келіп дауыс берді.
Халық бүгін өте белсенді. Бір сағат ішінде 50-ге жуық адам келіп дауыс берді. Оның ішінде жастардың үлесі мол. Жалпы тұрғындар бұл саяси шараның маңыздылығын түсініп, айрықша көңіл күймен келіп дауыс беріп жатыр. Байқаушыларымыз да, учаске қызметкерлері де өз жұмыстарын тиянақты атқарып жатыр,- дейді №552 учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Лаура Досқожа.
Алматы облысы
Бүгін облыс әкімі Қанат Бозымбаев Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында орналақан № 974 сайлау учаскесінде болып, референдумда дауыс берді.
Жалпы Алматы облысында 1 392 237 сайлаушы бар. Олар 1053 сайлау учаскесінде дауыс береді. Сайлау учаскелері таңғы сағат 7.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді.
Референдумға 1074 комиссия тартылған, соның 21-і – аумақтық, 1053-і – учаскелік референдум комиссиялары. Оларда барлығы 7636 комиссия мүшесі бар. Сол сияқты учаскелерде бақылаушылар да жұмыс істеп жатыр.
Атырау облысы
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов референдумда дауыс берді
Аймақ басшысы атыраулықтармен бірге Конституциялық реформаға байланысты өтіп жатқан республикалық референдумда өз таңдауын жасады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы Н.Тлендиев атындағы Кіші өнер академиясында орналасқан №8 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Бүгінгі күн ұрпақ алдындағы парызымызды өтеп жатырмыз. Бүгін қандай іргетас қалаймыз, бүкіл ел тағдыры әрі қарай солай қалыптасады, - деді Шәпкенов.
Атырау облысында 261 референдум учаскесі бар. Олардың 11-і ауруханалар, және әскери бөлімшелердегі сайлау учаскелері мен т.б. жерлерде орналасқан.
Атырау қаласында 5 сәби дүние есігін ашты
Жаңа туылған шақалақтың 5-уі қыз. Атырау қалалық перзентханасында орналасқан №80 учаскеде 90 ана өз таңдауын жасады. Жергілікті уақытпен таңғы сағат 7-де алғаш болып Гауһар Бұзаубекова дауыс берді. Гаухардың бұл үшінші нәрестесі, бұған дейін егізін осыдан 9 жыл бұрын дүниеге әкелген. Перзентхана ұжымы бірінші болып таңдау жасаған келіншекке бала күтіміне арналған жиынтықты сыйға тартты.
Қызылорда облысы
Қызылорда облысы, Сырдария ауданында тұратын 101 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров референдум учаскесіне ең бірінші болып келді.
Майдангер кент орталығындағы №155 учаскесі ашылмай тұрып ерте келіп, еліміз үшін маңызды күнде өз дауысын бермек.
Жамбыл облысы
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов отбасымен бірге Тараз қаласындағы №53 мектепте орналасқан №50 сайлау учаскесіне барып, Жалпыхалықтық Референдумға қатысып, дауыс берді.
Айта кетейік, облыс аумағында барлығы 492 сайлау учаскесі құрылған, олар барлық талаптарды сақтай отырып, таңғы сағат 07:00-ден жұмысын бастады.
Алматы қаласы
Алматыда дауыс беру құқығына ие азаматтардың 13%-ы дауыс беріп үлгерді.
Бұл туралы Алматы қаласы аумақтық референдум комиссиясының төрайымы Жанна Асанова брифинг барысында айтты.
Оның айтуынша, қалада дауыс беру құқығына ие 1 млн 126 854 адам бар, сағат 10.00-дегі жағдай бойынша халықтың 13,9%-ы референдумға өз дауыс беруге келген, бұл 156 707 адам.
Алматыда рефередум барысын 15 шетелдік бақылаушы бақылап отыр. Оның жетеуі ТМД миссиясынан, алтауы дипломатиялық корпустан, екеуі ЕҚЫҰ өкілі. Сондай-ақ 18 жасқа толған 26 968 жас бүгін бірінші рет дауыс береді, - деді ол.