Референдум нәтижесі бойынша Қазақстанда жаңа Конституция қабылданды. Бұл жайлы Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Республикалық референдум туралы коституциялық заңнаманың нормаларына сәйкес, егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткізілген деп саналады. Республикалық референдумға шығарылған мәселе бойынша, атап айтқанда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша шешім егер оны жақтап облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептелінеді, — дейді Әбдіров.
Комиссия төрағасы әр өңірде осы шешімді жақтап азаматтардың басым көбі дауыс бергенін атап өтті.
Осылайша Республикалық референдум туралы заңнамадағы елдің 20 өңірінің үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамының оң шешімді жақтап дауыс беруі туралы талап сақталды. Сондықта жаңа Конституция қабылданды деп танылады, — деп түйіндеді Әбдіров.
Айта кетейік, бүгін Орталық референдум комиссиясы 15 наурызда өткен жаңа Конституция жобасына қатысты референдумның түпкілікті қорытындысын шығарды.