Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. 2022 жылғы 5 маусымдағы бүкілхалықтық референдум күні еліміздің тарихи күндерінің күнтізбесін толықтыратыны белгілі. Ел өміріндегі елеулі оқиғаға қатысты «Ангел» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Людмила Петрова пікір білдірді.
Ол атап өткендей, Конституцияға енгізілетін түзетулер көпшілік талқысына шығарылып, халықтың пікірі ескеріле отырып қабылданғалы отыр.
Елдің болашағы үшін дауыс береміз. Жауапты сәтте әр азаматтың саналы таңдау жасарына күмән жоқ. 1995 жылғы референдумда жас мемлекетіміздің негізгі заңы үшін дауыс бергеніміз есімде. Бұл ретте біз елдің болашағы үшін таңдау жасайтынымызды түсіндік. Ата заңдағы кейінгі жылдарғы түзетулер мен толықтырулар біздің тікелей қатысуымызсыз енгізілді. Мүмкін олардың кейбіреулерінен қазір бас тарту қажет болар деп ойлаймын. Референдумда халық даусы шешуші рөл атқарады, - деп пікір білдірді Людмила Петрова.
Оның пайымынша, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жалпыұлттық референдум өткізу туралы шешімі – халыққа деген жоғары сенімнің белгісі, мемлекетіміздің шын мәнінде «еститін үкімет» болуға ұмтылып отырғандығының айқын белгісі. Бұл ретте қоғамдағы қордаланған проблемалар мен қажеттіліктер ғана емес, мемлекет үшін маңызды мәселелердің шешілуіне үн қосуымыз қажет.
Мен үкіметтік емес ұйым жетекшісі ретінде әлемнің түрлі елдерінде жобаларымызды таныстыруға, халықаралық ұйымдардың тәжірибесін зерделеуге мүмкіндік алдым. Барлық жерде азаматтық қоғамның, биліктің өкілді органдарының зор рөлі назар аудартады. Ұсынылған түзетулер көбіне шешімдер қабылдауға халықтың қатысу дәрежесі қазіргі жүйеге қарағанда едәуір жоғары болатын қоғамдық құрылыстың осындай моделін ілгерілетуге бағытталған. Айталық, Парламент Мәжілісі мен облыстық мәслихаттар депутаттарының үштен бірін біз тікелей дауыс беру арқылы сайлай аламыз, – деп қосты қоғамдық бірлестік жетекшісі.
Оның айтуынша, адам құқықтарын қорғауды күшейтуге қатысты түзетулер де өте маңызды.
Өлім жазасын жою мәселесі қоғамда әлі де көптеген сұрақтар тудыратыны белгілі. Көзқарастар әр түрлі. Бірақ өлім жазасын орындауға мораторийдің ұзақ жылдар бойы әрекет етуінің өзі қылмыстың өсуіне себеп болған жоқ, – деп түсіндірді Людмила Петрова.
Ол атап өткендей, бесінші маусымда біз ұсынылып отырған түзетулерге, яғни елдің болашағына өз көзқарасымызды білдіруге тиіспіз.
Президент өз Жолдауында елімізді түбегейлі реформалар күтіп тұрғанын айтты. Алда өтетін референдумда әрбір азамат біздің басты Заңымыз – Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар туралы өз пікірін білдіре алады. Өлім жазасының күшін жою, Мәжілістің депутаттық корпусын қалыптастырудың жаңа қағидалары, Құқық қорғау саласындағы өзгерістер, Президенттің барлық саяси партиялардан бірдей алыстауы – бұл жаңа Қазақстанды құру жолындағы үлкен қадамдар. Біздің әрқайсымыз елдің өміріне заңды түрде әсер ету мүмкіндігіне ие боламыз, - деді ол.
Оның пайымынша, жаңартылған Конституция жастарға – студенттерге, түрлі саладағы жас мамандарға да қатысты.
Ата заңды басшылыққа ала отырып, біз өз болашағымызды құратын боламыз. Демек, қоғамда болып жатқан өзгерістерден жастар да сырт қалуға болмайды. заңға енгізілетін жаңалықтар ел өміріне зор өзгерістер әкеледі деген сеніміміз бар, - деп түйіндеді қоғамдық бірлестік жетекшісі.