Қазақстанда 15 наурызда өткен жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдум нәтижелеріне қатысты екі экзитполдың мәліметтері белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еуразиялық интеграция институтының зерттеуіне сәйкес, Қазақстанның 17 облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы 200 референдум учаскесінен шыққан 30 мың респондент сауалнамаға қатысқан. Оның ішінде 129 учаске қалаларда, 71 учаске ауылдық елді мекендерде орналасқан. Сауалнама бетпе-бет (face-to-face) әдісімен жүргізілді. Қателік шегі 1%-дан аспайды.
Сауалнама нәтижесінде респонденттердің 86,7%-ы «Иә, қабылдаймын» деп жауап берген.
Сонымен қатар, "Социс-А" ICSI зерттеуіне сәйкес, референдумға қатысқан азаматтардың 87,4%-ы жаңа Конституцияны қолдаған. Зерттеу учаскелерге келу деңгейін 73,8% деп бағалаған.
Ал "AMANAT" партиясының "Қоғамдық саясат институты" жүргізген экзитпол нәтижесі бойынша дауыс бергендердің 88,6 %-ы Жаңа Конституцияны қолдаған.
Үш экзитполдың деректері де референдумға қатысқан азаматтардың басым көпшілігінің жаңа Конституцияны қабылдауға қолдау білдіргенін көрсетеді. Ресми қорытынды нәтижелер Орталық референдум комиссиясы дауыстарды санау аяқталғаннан кейін жарияланады.