Республикалық референдум аясында «Референдум – 2026» онлайн-марафоны жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Таңғы сағат 09:00-де басталған іс-шараның алғашқы үш сағатында қоғам үшін өзекті мәселелер көтеріліп, жаңа инновациялық жобалар таныстырылды.
Медиа кеңістікте онлайн-марафон алғаш рет журналистер мен робот-жүргізушінің бірлесуімен ресми түрде ашылды. Марафонның ток-шоу алаңында қоғам үшін маңызды екі тақырып – «Инклюзивті қоғам» және «Бала тәрбиесі: дәстүрлі және заманауи әдістердің қайшылығы» талқыланды.
«Инклюзивті қоғам» тақырыбындағы пікірталаста ерекше қажеттілігі бар адамдарға тең мүмкіндік жасау, қолжетімді орта қалыптастыру және қоғамда өзара құрмет мәдениетін дамыту мәселелері сөз болды. Сарапшылар инклюзияның білім беру жүйесіндегі, еңбек нарығындағы және қоғамдық кеңістіктегі рөлін де атап өтті.
Ал «Бала тәрбиесі: дәстүрлі және заманауи әдістердің қайшылығы» тақырыбын талқылау барысында қазіргі қоғамдағы тәрбие тәсілдерінің өзгеруі, ұлттық құндылықтар мен заманауи психологияны үйлестіру, сондай-ақ ата-ананың жауапкершілігі мәселелері қозғалды.
Отбасылық психолог Ержан Мырзабаев:
Қазақ дәстүрінде әр әдеттің жақсы жағы да, ескірген тұсы да болады деп айтылады. Дәстүр — белгілі бір кезеңде халықтың өміріне бейімделген әдет-ғұрыптардың жиынтығы. Сондықтан кейбір дәстүрлер бір уақытта өзекті болса, басқа кезеңде маңызын жоғалтуы мүмкін, – деді.
Ол дәстүр мен уақыт талабын үйлестіре білудің маңызын ерекше атап өтті. Спикерлер бала тәрбиесі кез келген қоғам үшін де, кез келген жаста да маңызды екенін айтты.
Медиа іс-шара аясында алғаш рет ұйымдастырылған инновациялық алаңда отандық өнертапқыштардың бірегей жобалары таныстырылды. Соның ішінде церебралды сал ауруына шалдыққан адамдарға арнайы жасалған жаңа мүгедектер арбасы көрсетілді. Жоба авторы Мәулен Бектұрғанов робот-жүргізушінің сұрақтарына жауап берді. Робот бұл өнертабыстың қоғам үшін маңызын атап өтті. Сұхбат соңында робот көрермендерді өз биімен таңғалдырды.
Онлайн-марафон барысында Қазақстан Республикасындағы референдумды өткізу жөніндегі Орталық комиссия жанындағы баспасөз орталығының ресми ақпараты да ұсынылып жатыр. Атап айтқанда, дауыс беру учаскелерінің ашылуы, дауыс берудің басталуы, шетелдегі учаскелердің жұмысы және азаматтардың белсенділігі туралы деректер жариялануда.
Іс-шара барысында көрермендер үшін танымал әртістер мен шығармашылық ұжымдар да өнер көрсетті. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының ерлер хоры, электро-домбыра шебері Ақтоты Болышева, Рухия Байдүкенова, «Жошы» этно-фольклорлық ансамблі және «Алтын домбыра» тобы бар. Музыкалық нөмірлер голографиялық шоу элементтерімен сүйемелденді.
Қоғамдағы маңызды тақырыптарды талқылауға, сарапшылар мен мамандардың пікір алмасуына, сондай-ақ елдегі инновациялық бастамаларды таныстыруға арналған онлайн-марафон 16 сағатқа созылады. Ол таңғы 09:00-ден түнгі 01:00-ге дейін жалғасады.