Қазақстанда өткен республикалық референдумның алдын ала нәтижелері жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров, 16 тамыз күні таңғы сағат 08:00-дегі жағдай бойынша еліміздің барлық өңірлерінде және шетелдегі референдум учаскелерінде дауыстарды санау аяқталғанын айтты. Барлығы 10 388 референдум учаскесінде дауыс беру процесі өтті.
Кеше Орталық референдум комиссиясы күні бойы өңірлерден келіп түскен жедел мәліметтер негізінде онлайн режимде ақпарат таратып отырды. Сонымен қатар бірқатар облыстарда арнайы брифингтер ұйымдастырылып, дауыс беру барысы туралы деректер жедел түрде ұсынылды,- деді ол.
Бүгін облыстық, Астана, Алматы және Шымкент қалалық референдум комиссиялары дауыс беру нәтижелерінің электрондық хаттамаларын ұсынған.
Осы деректердің негізінде Орталық референдум комиссиясы республикалық референдумның алдын ала қорытындысын шығарды,- деді ол.
Ресми мәліметке сәйкес, референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан азаматтарының жалпы саны – 12 982 603 адам. Оның ішінде 9 127 192 азамат, яғни 73,12 пайызы дауыс беруге қатысты.
Референдумда қаралған негізгі мәселе – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау болды. Бұл ұсынысты қолдап дауыс бергендер саны 7 954 667 адамды құрады. Бұл – дауыс беруге қатысқан азаматтардың 87,15 пайызы.
Ал ұсынысты қолдамағандар саны 898 099 адам болды.
Сонымен қатар кейбір бюллетеньдер жарамсыз деп танылған. Атап айтқанда:
екі жауап нұсқасы қатар белгіленген немесе есепке алынбаған бюллетеньдер – 127 868,
белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін немесе ерік білдіруді анықтау мүмкін болмаған бюллетеньдер – 146 558.
Заңнамаға сәйкес, егер референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысса, референдум өтті деп есептеледі. Ал референдумға шығарылған мәселе бойынша шешім қабылдануы үшін оны облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс берген азаматтардың жартысынан астамы қолдауы қажет.
Орталық референдум комиссиясы ұсынған алдын ала нәтижелерге сәйкес, жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі ұсынысты қазақстандықтардың басым бөлігі қолдады.