ҚР Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман азаматтардың келуінің алдын ала қорытындысын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мұхтар Ерманның мәліметінше, Қазақстан Республикасындағы барлық референдум учаскелерінде дауыс беру үдерісі аяқталды. Қазір учаскелік комиссиялар бюллетеньдерді санау жұмысына кірісті.
Қолданыстағы заң талаптарына сәйкес, референдум учаскелерінде дауыстарды санау мерзімі санау басталған сәттен бастап он екі сағаттан аспауы тиіс.
Аумақтық комиссиялар дауыс беру мен есептеудің алдын ала нәтижелері туралы мәліметтерді Орталық референдум комиссиясына электрондық байланыс арналары арқылы жолдайды.
Аумақтық комиссиялар ұсынған деректерге сәйкес, сағат 20.00-дегі жағдай бойынша өңірлердегі азаматтардың дауыс беру учаскелеріне келуі мынадай болды.
Абай облысында – 75,45%, Ақмола облысында – 79,82%, Ақтөбе облысында – 87,05%. Алматы облысында – 71,46%, Атырау облысында – 74,04%. Батыс Қазақстан облысында – 68,94%, Жамбыл облысында – 85,06%, Жетісу облысында – 78,49%.
Қарағанды облысында келу көрсеткіші 84,30%, Қостанай облысында – 81,21%. Қызылорда облысы 93,04% нәтижемен ең жоғары белсенділік танытты. Маңғыстау облысында – 77,89%, Павлодар облысында – 75,51%, Солтүстік Қазақстан облысында – 70,52%.
Түркістан облысында – 84,03%, Ұлытау облысында – 73,15%, Шығыс Қазақстан облысында – 86,42% тіркелді.
Астана қаласында дауыс беруге келгендердің үлесі 60,36%-ды құрады. Алматы қаласында – 33,43%, ал Шымкентте – 75,82% болды.
Жалпы сағат 20.00-дегі жағдай бойынша республикада 9 126 850 азамат бюллетень алған. Бұл тізімге енгізілген азаматтардың 73,24%-ына тең, - деп атап өтті Мұхтар Ерман.
Референдумның алдын ала қорытындылары арнайы хабарланады. Оның нақты уақыты қосымша жарияланатын болады.