Ақтау жедел жәрдем стансасы 3 реанимобильмен толықты

19 Маусым 2020, 11:14
2056
Бөлісу:
Ақтау жедел жәрдем стансасы 3 реанимобильмен толықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының тапсырмасы бойынша "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ коронавирус індетіне қарсы күрес аясында Ақтау қаласының жедел және шұғыл медициналық жәрдем стансасына үш жаңа реанимобильді сыйға тартты, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі. 

Реанимобильдер шұғыл көмек көрсету үшін барлық қажетті құралдармен жабдықталған. Бұдан бөлек, "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы облыстық ауруханаға өкпені жасанды желдету аппаратының 20 данасын тапсырды. Бұл аппараттар Маңғыстау облыстық ауруханасына, облыстық және қалалық перинаталдық орталықтарға, балалар ауруханасына, жұқпалы аурулар ауруханасына, сондай-ақ, өңірдің аудандық ауруханаларына таратылды. Қазір олар толық іске қосылды, - делінген хабарламада. 

Жалпы алғанда, компания денсаулық сақтау органдарына 818 млн теңгеден астам сомаға көмек көрсетті.

Елімізде эпидемиологиялық ахуал нашарлап, коронавирусқа шалдыққан адамдар саны артып келеді. Сол себепті сыйға тартылған көліктер мен аппараттар Маңғыстау облысының денсаулық сақтау жүйесі үшін уақытылы келген көмек болды. "ҚазМұнайГаз" компаниялар тобы өзінің өндірістік қызметін жүргізетін өңірлерге әлеуметтік және қайырымдылық көмек көрсетуді әдетке айналдырған. Реанимобильдер мен өкпені жасанды желдету аппараттары – бұл компанияның әлеуметтік маңызы бар кезекті жобасы және мұнайлы өлке тұрғындарының денсаулығын сақтау ісіне қосқан қомақты үлесі, - деп хабарлады баспасөз қызметінен.

Хабарланғандай, елімізде төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ облыстағы инфекциялық және провизорлық орталықтардың дәрігерлік қызметкерлерін үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етіп келеді. Бұдан басқа, маусым айының басына дейін блок-бекеттерде кезекшілік ететін полицейлерге және патруль қызметкерлеріне үш мезгіл ыстық тамақ жеткізіп тұрды.

Өзгелердің жаңалығы