Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова танымал шахматшы Жансая Әбдімәлікті қабылдап, Гибралтарда өткен FIDE Гран-Приінің төртінші кезеңінде жеңіске жетуімен құттықтады.
Мәдениет және спорт министрі жүздесу кезінде Жансаяның және өзге де шахматшыларымыздың халықаралық деңгейдегі жетістігі елімізде аталған спорт түрінің тамырына қан жүгіртіп, қарқынды дамуына жол ашатынын атап өтті.
Ақтоты Райымқұлова өз сөзінде жас шахматшының Орталық Азияда ерлер арасындағы гроссмейстер атағына қол жеткізген тұңғыш шахматшы қыз атануымен құттықтады.
Сіз көптеген жаһандық жарыста ұшқыр ой мен көз ілеспес жылдамдықты ұштастырып, адамзат тарихындағы ең ежелгі ойынның бірінде толайым табыстарға қол жеткізу арқылы патша көңілді шахмат жанкүйерлерінің ыстық ықыласы мен зор қошеметіне бөленіп келесіз. Сіз бағындырған бүгінгі биік белес еліміздің əр өңірінде шахмат ойынын кеңінен насихаттауға, қарқынды дамытуға сүбелі үлес қосуына тілектеспін. Алдағы уақытта да дүбірлі додаларда мерейіңіз үстем түсіп, жарқын жеңістеріңіз көп болсын! - деп айтты министр.
Жансая өз кезегінде қолдау көрсеткен барлық жанкүйеріне және Ақтоты Райымқұловаға қабылдағаны үшін алғыс айтып, алда бұдан да жарқын жеңістермен қуантуға тырысатынын жеткізді.
Оқи отырыңыз: