Райымқұлова тас үгіндісіне айналды деген петроглифтерге қатысты түсінік берді

8 Маусым 2021, 16:08
1542
Бөлісу:
Райымқұлова тас үгіндісіне айналды деген петроглифтерге қатысты түсінік берді

Алматы, BAQ.KZ. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Алматы облысындағы тас үгіндісіне айналды деген петроглифтердің тағдырына қатысты түсінік берді.

Осы демалыс күндері Алматы облысында жұмыс сапарымен барып, қоғамда қызу талқыға түскен мәселенің бірін өз көзіммен көріп, танысып қайттым. Соның бірі Алматы облысындағы петроглифтерді сақтауға және олардың бейнесі бар ежелгі жартастардың қирауына жол бермеуге арналды. Кербұлақ ауданы Арқарлы тас шатқалына барып, қолжетімді әрі жүруге қолайлы жерлердің барлығын өзім аралап шықтым, - деп жазды министр Facebook-тегі парақшасына.

Сондай-ақ ол Археология институтының ғалымдары мен еріктілері Ольга Гумирова, Александр Горячев, Саид Ғалымжановпен бірге петроглифтерді сақтау және олардың одан әрі бұзылмауын қамтамасыз ету бойынша кеңес өткізгенін мәлімдеді.

2006 жылы Кербұлақ ауданының әкімдігі тарапынан тас өндіру үшін жер телімінің берілгендігі жайында көпшілік біле бермейді. 11 жылдан кейін (2017 жылы) аталған жер учаскелерінде петроглифтер анықталып отыр. Сол сәттен бастап жұмыстың барлығы тоқтап, ешқандай зиян келтіретін шаралардың жүргізілмегендігін кеңеске қатысқан адамдар растады. Қазіргі уақытта петроглифтердің толық жойылып кету қаупі төніп тұрған жоқ. Олар мемлекеттің қорғауында. Петроглифтер жергілікті маңызы бар археология ескерткіштерінің тізіміне енгізілген. Осы ескерткіштердің сақталуына қауіп төндіретін құрылыс жұмысы тоқтатылды, - деді А. Райымқұлова.

Сонымен қатар ол Мәдениет және спорт министрлігі уәкілетті орган ретінде тарихи объектілерді сақтау жөніндегі заңның барлық норманың толық орындалуын үнемі бақылауда ұстап, қадағалап отырғанын атап өтті. Қазір петроглифтер саны бойынша Алматы облысы елімізде ғана емес, бүкіл әлемде алғашқы орында.

Сондай-ақ Алматы облысында салынып жатқан олимпиадалық даярлау базасының құрылысы жайында айта кеткім келеді. Биыл мына ғимараттар бойынша құрылыс-монтаждау жұмысын толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Олар: жеңіл атлетика манежі, көркем және спорттық гимнастикаға арналған спорт залдар кешені, әкімшілік ғимарат, Мұз айдыны, көпфункционалды спорт залы. Мердігерлермен кездесу барысында құрылыс нысандарын уақытылы тапсыруға бағытталған бірқатар тапсырма бердім, - деп жазды министр.

Айта кетсек, бұған дейін Алматы облысындағы таңбалы тастарды құрылыс компаниялары қиыршық тас етіп үгітіп жатқаны туралы ақпарат тарап, қоғамда қызу талқыланған еді.

Өзгелердің жаңалығы