Райымқұлова Қирабаевтың жақындарына көңіл айтты

26 Қазан 2021, 19:54
11635
Бөлісу:
Райымқұлова Қирабаевтың жақындарына көңіл айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова белгілі әдебиет сыншысы Серік Қирабаевтың қайтыс болуына байланысты оның артында қалған ағайын-туысына көңіл айтты.

Қазақ елі ауыр қазаға ұшырады. Ұлттың ұлы тұлғасы, қазақ əдебиетінің ғана емес, қазақ қоғамының алып бір бəйтерегі құлады. Алты Алашқа бір кісідей еңбегі сіңген ғалым арамыздан бақиға аттанды. Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігінің, барлық мəдениет және өнер қайраткері, спорт саңлағы, туризм, архив саласының қызметкері атынан көрнекті əдебиеттанушы, сыншы, ғалым, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Отан», ІІ дəрежелі «Барыс» орденінің лауреаты Серік Смайылұлы Қирабаевтың қайтыс болуына байланысты Қирабаевтар əулетінің қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын - деді министр өз парақшасында.

Сонымен қатар Ақтоты Райымқұлова Серік Қирабаевтың артында қалған мол мұрасы ұрпақ игілігі үшін ұшан-теңіз байлық екенін айтты.

Ағзам ақсақал ғибратты ғұмырында қазақ ғылымына айрықша еңбек сіңірді. Ұзақ жылдар бойы соңында өшпес мол мұра қалдырып, көптеген шəкірт тәрбиеледі. Əлемдік деңгейдегі ойшыл, ұлт руханиятының темірқазығы Абай Құнанбайұлы айтқандай: «...өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған?» ғалымның асыл бейнесі қалың қазақтың көңіл төрі мен жүрек түкпірінде мəңгі сақталады. Марқұмның көзі тірісінде жасаған игі-жақсы амалдары алдынан жарылқасын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын - деді Ақтоты Райымқұлова.
Өзгелердің жаңалығы