Райымқұлова Израильдің туризм министрімен кездесті

14 Қазан 2021, 22:09
13525
Бөлісу:
Райымқұлова Израильдің туризм министрімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Израильдің туризм министрі Йоэль Развозовпен кездесті.

Ақтоты Райымқұлова Қазақстан мен Израиль арасындағы өзара достық қарым-қатынас нығайып келе жатқанын, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстың бір парасына тоқтала отырып, бүгінгі жүздесу маңызды бағыттың бірі – туризмге серпін беретініне сенім білдірді.

Әлемде болып жатқан пандемияға байланысты былтыр наурызда Израиль шекарасы туристер үшін осы жылдың соңына дейін жабылған еді. Осы орайда экономика мен туристік саланы қайта қалпына келтіру үшін халықты вакцинациялау шаралары жүріп жатыр. Израиль туристік әлеуетімен, табиғатының әсемдігімен, көзтартар ерекше сұлулығымен, тарихи-мәдени орталықтарымен әлем жиһанкездерінің қызығушылығын арттырып келеді,-деді Мәдениет және спорт министрі.

Сонымен қатар Израильмен арадағы визасыз режимнің қайта жандануын ескере отырып, Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетімен бірлесіп, екі ел арасында (мысалы: Алматы – Тель-Авив) тікелей әуе қатынасын орнату жөніндегі мәселені қарауға дайын екенін жеткізді. Қазақстан мен Израиль арасында тікелей әуе рейсінің ашылуы Қазақстанның туристік және транзиттік әлеуетін жандандыруға, сауда-экономикалық және саяси ынтымақтастығына өз әсерін тигізеді. Ақтоты Райымқұлова туристік компаниялар, блогерлер мен БАҚ өкілдері арасында ақпараттық турлар өткізіп, мемлекеттер арасында туризмді жарнамалауды ілгерілету мен кросс-маркетингті ұйымдастыруға жәрдемдесу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Ақтоты Райымқұлова Израильдің коронавирус инфекциясымен күресуде, туризм саласында карантин шектеулерін енгізуде тәжірибесі мол екенін, бұл бұл салада Қазақстанның бөлісері бар екенін атап өтті. Осы тақырып жөнінде  бөлек талқылау жұмысын жүргізу қажет екенін айтты.

2022 жылға жоспарланған Қазақстанда өтетін сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 9-шы отырысында осы жоғарыда айтылған барлық мәселеге назар аудару қажет,- деді Ақтоты Райымқұлова.

Израиль министрі Йоэль Развозов өз кезегінде екі ел арасындағы туризм саласын барынша нығайтуға септігін тигізетін мүмкіндіктерді пайдаланудың маңызды екенін айтып, бірқатар жобаларды ұсынды. Кездесуде екі министр Қазақстан мен Израиль арасындағы туризмді дамыту бағыты бойынша одан әрі жемісті өзара байланыстар үшін қажетті материалдармен тәжірибе алмасуға уағдаласты.
Өзгелердің жаңалығы