Рақымшылыққа іліккен азаматтардың өз құқықтары бар - заңгер

28 Қазан 2022, 18:05
1166
Бөлісу:
Рақымшылыққа іліккен азаматтардың өз құқықтары бар - заңгер

Күні кеше Сенат Қаңтар оқиғасына қатысты «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасын қабылдағаны белгілі. Бұл заңның өзге заң жобаларынан артықшылығы неде? Осы және өзге де сұрақтарға Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық басшысының орынбасары Әмір Омаров жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

- Кеше Сенат қабылдаған «Рақымшылық жасау туралы» заңды қабылдағаны белгілі. Бұл заң жобасының басқаларынан артықшылығы неде?  

- Парламент Сенаты Қаңтар оқиғасына қатысушыларға қатысты бірреттік «Рақымшылық жасау туралы» бірегей заңды қабылдады. Ерекше атап өтетін жайт, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасы биыл 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылғанын білесіздер. 

 «Рақымшылық жасау туралы» заңның басқа заңдардан айырмашылығы – оның нақты уақыт пен кеңістікті, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған тұлғалардың ауқымын нақтылап бергенінде екенін атап өткен абзал. 

Біріншіден, рақымшылыққа кез келген адам іліне бермейді. Яғни 2022 жылғы 4 мен 7 қаңтар аралығындағы кезеңде жаппай тәртіпсіздік кезінде қылмыстық жасап, істі болып жатқандар ғана қамтылады. 

Екіншіден, рақымшылыққа террористік, экстремистік, сыбайлас жемқорлық, мемлекетке опасыздық, кәмелет жасқа толмағандарға жыныстық тиіспеушілік, қарақшылық қылмыстары, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру бойынша бұрын жазаланған қылмысын қайта жасаған тұлғалар ілікпейді.  

Үшіншіден, рақымшылық жасау бойынша босатылғандардан соттылығы алынып тасталады. 

Бұл құжаттың артықшылығы – Президент өзі айтқандай, екінші рет мүмкіндік беріліп отырған азаматтарымызға бірлік пен адамгершіліктің үлгісін көрсетеді.  

- Рақымшылық туралы заң жобасының «гуманизм актісі» деп аталуы да тегін емес қой... 

- Иә, мемлекет тарапынан жасалатын кез келген кешірім гуманизм түрінде көрініс табады. Бұл тұрғыдан алғанда амнистия да сол адамгершілікті негізге алып отырғаны айқын. «Рақымшылық жасау туралы» заң – белгілі бір жағдайлардағы құқық бұзушылықтарға қолданылатын мейірімділіктің саласын нақтылап береді.  Бұған дейін айтылып жүргендей, әрі Президент Жолдауында да көрсетілгендей, Қаңтар оқиғасына қатысқан құқық бұзған көптеген азамат өз кінәларын мойындап, өкінетіндерін айтты. Қаңтар оқиғасының өзіне басты себеп – тобыр әсерімен жасалуында деген баға берілді. Бұл – жағдайды жұмсартатын жайт бола алады. Әрине, Қылмыстық кодекстің өзі азаматты ұстаған кезде кінәсін жұмсартатын немесе оны жоққа шығаратын арнайы талаптардан тұрады. Бірақ Қаңтар оқиғасы кезінде жағдай әдеттегіден тым алыс еді, адами фактор үлкен рөл ойнағандығын естен шығармағанымыз жөн.  

- Негізі тәуелсіз еліміздің тарихында бұған дейін де бірнеше рет рақымшылық жасалды ғой... 

- Дұрыс айтасыз. Егемен еліміздің тарихында әдетте түрлі мерекелік даталарға орайластырылған гуманизм актілерінің біразы шықты. Мысалы, 2016 жылғы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң, 2021 жылғы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңдар бар.  

- Осы тұста тағы бір толғандыратын сұрақ: «қорғаныс кезінде немесе ұстаған кезде адамды кездейсоқ өлтіріп алу» дегенді желеу етіп, қылмысқа кінәлілер айып арқалаудан сытылып кетпей пе? 

- Жоқ! Қылмыстық кодекске сәйкес, қажетті қорғану немесе ұстау кезінде шектен шыққанда денсаулыққа зиян келтірген жағдайда ол әрқашан абайсыздықта жасалғанмен сипатталады. Әйтпесе, бұл таза адам өлтіру болып саналады. Ал рақымшылық жасаудың өзі адам өлтірген тұлғаларға қолданылмайды.  

- Қаңтар оқиғасына қатысқандардың кейбірі жазасын өтеуден босатылады, енді біріне жаза мерзімі қысқартылады. Қажет болса, жұмысқа орналастырылып, баспана жағынан да көмек көрсетілетіні айтылды. Рақымшылыққа іліккендердің тағы қандай құқығы бар?

- Қылмыстық атқару кодексіне сәйкес мекемелердің әкімдігі жаза кесілген адамды түзету мақсатында оның қоғамның толыққанды мүшесі ретінде әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіруге, құқық нормалары мен жалпы қабылданған мінез-құлық нормалары негізінде қоғамның дербес өміріне оралтуға ықпал етеді. Өз кезегінде «Рақымшылық жасау туралы» заң мекемеден босатылған еңбекке қабілетті тұлғаларды еңбекпен қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды қолдануы тиіс норманы қарастырылған. Мұны Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. Осылайша, оларға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік және өзге де көмек көрсетіледі. Сондай-ақ рақымшылық бойынша босатылғандардың тұрғылықты мекенжайы болмаса, оларды қиын жағдайда қалған азаматтарды қайта әлеуметтендіру орталықтарына орналастыруы тиіс. Осыдан түйетініміз, рақымшылық жасалған азаматтардың да белгілі бір құқықтары бар деп айтуға болады. 

- Әңгімеңізге рахмет!  

Өзгелердің жаңалығы