Шешен Республикасы басшысы Рамзан Қадыров өңір аумағында төтенше жағдай режимін енгізу туралы өкімге қол қойды. Бұған қолайсыз ауа райы себеп болған, деп хабарлайды BAQ.KZ «Чечня сегодня» ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Төтенше жағдай аймағына Грозный қалалық округі, Аргун қалалық округі және республиканың 9 муниципалдық ауданы енген.
Режим енгізілуіне нөсер жауын, таулы аймақтардағы қатты жауын-шашын, жаңбыр мен сулы қар, өзендердегі су деңгейінің қауіпті межеге дейін көтерілуі, сондай-ақ шағын селдердің жүруі себеп болды, – делінген хабарламада.
Ақпарат агенттігінің мәліметінше, 27–28 наурыз аралығында өңірде 18 елді мекенде 1817 тұрғын үй мен аула аумақтары су астында қалған. Сонымен қатар 28 жолды су шайып кеткен, бір бөгет бұзылған, 17 көпірге, 5 газ құбырына және 6 трансформаторға зақым келген.