Ертіс өңірінде қасиетті Рамазан айының құрметіне «Рамазан қоржыны» қайырымдылық шарасы бастау алды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Рамазан айының алғашқы күндері 100-ге жуық көмекке зәру отбасыға азық-түлік жиынтығы таратылды. Мәшһүр Жүсіп мешітінің қызметкерлері мен демеушілер бірлесіп, жұртқа үлгі боларлық іс тындырды. Игі бастаманы Екібастұз және Ақсу қалаларының мұсылман жамағаты да қолдады.
Рамазан айының алғашқы күндері осындай шара қолға алынды. Енді қала-аудандардағы мешіттерде де мүмкіндікке қарай осы тектес қайырымды істер қолға алынады. Азық-түлік қорапшаларын сатып алуға демеушілер, қарапайым азаматтар көмектесті. Жәннаттың есігі ашылатын, тозақтың есігі жабылатын айда барша халықты жақсылық жасауға, қайырымдылықпен айналысуға шақырамын. Әсіресе, қайырымды істерге жағдайлары бар азаматтар ниет етсе деген ойымыз бар. Сауапты іс жасалса, нұр үстіне нұр бола еді. Сонда ұрпағымыз иманды, қоғамымыз бейбіт өмір сүрері анық, - дейді облыстың бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы.
«Рамазанн қоржыны» шарасы бір ай бойы ұйымдастырылатын болады. Қазіргі уақытта Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінде ауызашарлар өткізуді мақсат еткен «Рамазан шарапаты» шарасы да өтіп жатыр.