Иран президенті Ибрахим Раиси бейсенбіде елдің солтүстік-шығысындағы Мешхед қаласында жерленеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Али Хаменеи дүйсенбі күні оқиғаға байланысты бес күндік ұлттық аза тұту туралы жариялады.
Әр түрлі провинция тұрғындары аза тұту рәсімдеріне қатысуды сұрағандықтан, Иранның Білім министрлігі сейсенбіден жұмаға дейінгі барлық студентті емтихандардан босатты.
Раисиді жерлеу рәсімдері сейсенбіден бейсенбіге дейін Тебризде, Кумда, Тегеранда, Бирджендте және Мешхедте өтеді. 23 мамыр күні кешке президенттің денесі Мешхедтегі имам Реза кесенесінде жерленеді.
Ирна ресми ақпарат агенттігінің мәліметінше, Иран үкіметі дүйсенбіде елдегі 14-президенттік сайлау 28 маусымда өтеді деп хабарлаған.
Иран Конституциясының 131-бабына сәйкес, егер президент өз міндеттерін орындай алмаса, атқарушы билік уақытша бірінші вице-президенттің қолына өтеді. Ол 50 күн ішінде жаңа президент сайлауын ұйымдастыруға міндетті.
Кездесу барысында қатысушылар атқарушы делегацияларды құруды, кандидаттарды тіркеуді және сайлау науқандарын бастауды қоса алғанда, сайлау процесінің кестесін жасады.
Кестеге сәйкес, тіркеу 30 мамырдан 3 маусымға дейін жүргізіледі, содан кейін үміткерлер 12-27 маусым аралығында сайлау науқанын өткізуі керек, - делінген хабарламада.
Еске салсақ, Иран президенті Ибрахим Раиси мен сол елдің сыртқы істер министрі және өзге де билік өкілдері мінген тікұшақ апатқа ұшырады.
Өкінішке қарай, борттағы адамдардың бәрі қаза тапты.
Раиси 19 мамырда Әзербайжанмен шекарадағы жаңа су торабын іске қосу рәсімінен қайтып келе жатқанда опат болған.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иран президенті Ибрахим Раисидің қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.
аударған - Қымбат Спабек