Раисидің қазасы. Тоқаев көңіл айтты

20 Мамыр 2024, 13:00
1353
Бөлісу:
Раисидің қазасы. Тоқаев көңіл айтты
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Иран резиденті Ибрахим Раисидің қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Иран Ислам Республикасының президенті Ибрахим Раиси мен үкіметтік делегация мүшелерінің Шығыс Әзербайжан провинциясында тікұшақ апаты салдарынан қайтыс болуына байланысты Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан осы елдің Жоғары лидері Әли Хаменеи мен бірінші вице-президенті Мохаммад Мохберге және барша иран халқына көңіл айтты.

Тікұшақ апаты салдарынан Иран Ислам Республикасының президенті Ибрахим Раиси мен оның сенімді серіктерінің қайтыс болғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабыл алдым. Ибрахим Раиси – Иран мемлекеті мен халқының әл-ауқатын арттыруға, мүддесінің мұқалмауына, аймақтағы тұрақтылықты сақтауға өз өмірін риясыз арнаған көрнекті мемлекет қайраткері. Оның қолға алған бастамалары мен жетістіктері халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланғаны баршаға мәлім. Қазақстандықтар Ибрахим Раисиді парасатты басшы, халықаралық деңгейдегі беделді саясаткер, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға зор еңбек сіңірген тұлға ретінде әрдайым есінде сақтайды. Марқұмдардың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын, – деп жазылған жеделхатта.

Еске салсақ,  кеше Иран президенті Аятолла Сейед Ибрахим Раиси мінген тікұшақ апатқа ұшырағаны хабарланды. Бүгін Иран басшысы мен қасындағы жолаушылардың апаттан қайтыс болғаны анықталды. 

Сондай-ақ Астанада Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ван И Иран президенті Ибрахим Раисидің өліміне қатысты мәлімдеме жасады.

Өзгелердің жаңалығы